Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Семей орманы тағы да өртке оранды

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан тағы да өрт шықты. Тілсіз жау бүгін таңғы сағат ондар шамасында Бородулиха ауданына қарасты Қамышен орманшылығында тұтанған. Қазіргі уақытта қызыл жалынды ауыздықтауға авиация мен арнайы техника тартылған. Ал өрт ошағына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

«Орман өртенді» дегенді естісек, елең ететін болдық. Өйткені 2023 жылы Семейдегі реликті орманның 60 мың гектардан астамын қызыл жалын жайпап, 15 адам өмірін жалмаған еді. Бұл ел тарихындағы осындай ең ірі апат деп бағаланған. Содан бері ен байлығымыз — жасыл желегіміз өртке оранса, жанымыз бірге өртенгендей күй кешеміз.

Аймаққа тамшы тамбағалы біраз болды. Қапырық ыстықта қурап тұрған жасыл желек тағы да тұтанды. Ошағы — Қамышенка орманшылығы. Жасыл алқаптың ауданы 20 100 гектарды құраса, оның 18 жарым мыңнан астамы қарағайлы орман. 3 жыл бұрынғы қасіреттің қайталануына жол беруге әсте болмайды. Сондықтан табиғи апатты ауыздықтауға барлық күштер бірігіп, тілсіз жаумен белсенді күрес жүргізіп жатыр.

ДИНАРА НҰРҒАЛИЕВА, ҚР ТЖМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Орман өртін сөндіруге Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында 600 адам жұмыс істеуде, 148 бірлік техника мен 7 тікұшақ жұмылдырылған. Барлық күштер өрт аймағына келіп, қойылған міндеттерді орындауда.

Өрт ошағына Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы да жұмылдырылған. Қазіргі уақытта авиация күшімен қызыл жалын шарпыған аумаққа жалпы көлемі 89 тонна су бүркілді.

МҰХИТ РАМАЗАНОВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Өрттің басталуы 10-да басталды. Қазіргі уақытта шамамен 240 гектардай аумақты қамтыды. Жаңа облыс әкімі келді. Содан кейін ТЖД бар, орман шаруашылығы резерваты бар. Қазіргі уақытта ақылдасып, барлық күшті Дмитриевка, Бородулиха аудандарына қойып отырмыз. Сол жерлерде ашық алаңдар бар. Сол жерден өртті күтіп алып, сөндіру жұмыстарына жоспар құрылуда.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар мен полицейлер, облыс әкімдігімен бірлесіп, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын алдын ала эвакуациялады. Олардың қатарында балалар лагерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері де бар. Барлық іс-шараларды үйлестіру үшін ҚР ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылған. Төтенше жағдайға байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің нұсқауымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та «Семей орманына» аттанды. Қызметтердің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде Қамышенка ауылына төнген қауіп сейілді. Жағдай толық бақылауда деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

← Барлық жаңалықтар