Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Семей орманындағы өртпен күрес жалғасуда

Семей орманында тұтанған тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Құтқарушылар түнімен кірпік қақпай қарауылдап, қызыл жалынның құлаш жаюының алдын алды. Экология министрлігінің хабарлауынша, осы уақытқа дейін өртті сөндіруге 769 адам, 191 жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылған. Әуеден 243 рет су төгіліп, 546 тонна су жеткізіліпті. Сондай-ақ табиғи апатты ауыздықтауға қосымша күштер тартылуда. Үйлесімді әрі жедел іс-қимылдың арқасында қызыл жалын ауыздықталған. Қазір бықсыған ошақтарды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Соның арқасында біз, осы қиын өтті, өздеріңіз көрдіңіздер, ол жоғары шығып кеткен. Соны сөндіріп, бүгін міне тек қана бықсып жатқан жағдайға жеткіздік. Бүгін ертең осы мына бықсыған учаскелердің бәрін локализация еткенде ғана біз осы өрт сөнді деп есептейміз. Қазіргі есеп бойынша 370 гектар көлеміндегі жер өртке шалынды.

Ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт аумағын әуеден тікұшақпен бақылады. Аймақтағы төтенше жағдай Үкімет басшысының да жіті назарында.

← Барлық жаңалықтар