Құдды бір торнадо секілді. Павлодар облысында болған жойқын құйын бірқатар нысанды жайпап өтті. Қатты желдің екпіні Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында электр желісінің жеті бағанасын құлатқан. Ал Қоңырөзек ауылында 12 баспананың және мәдениет үйінің шатыры ұшып кетіпті. Әйтеуір зардап шеккендер жоқ. Алайда синоптиктер арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін ескертеді. Өңірде алдағы күндері де екпіні күшті жел тұрып, найзағай, бұршақ және құйын қайталануы мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды күн райы күрт нашарлаған сәтте үйден шықпауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.