Алматыда түнгі үштегі жол апаты екі бойжеткеннің өмірін қиып кетті. Жап-жас тағдырларды талқан еткен оқиға Рысқұлов пен Шәріпов көшелерінің қиылысында болды. Куәгерлердің айтуынша, Suzuki маркалы автокөлік кері бұрылғалы жатқанда құйғытып келген Гелендваген оны бүйірден соғыпты. Қатты соққыдан жапондық темір тұлпар оншақты метрге ұшып кеткен, ал жол талғамайтын машина 70 метрдей өтіп барып әзер тоқтапты. Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал түрлі жарақат алған тағы бір жолаушы мен Mercedes жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталады.