Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Саяси партиялар өңір-өңірді аралап жүр

Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар сайлауалды тұғырнамасын халыққа таныстыруды жалғастырып жатыр. Олар еліміздің әр өңірін аралап, түрлі өндіріс орындары мен зауыттарға да ат басын бұруда. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабы өңірлердегі халықпен жүздесуде. Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданындағы тұрғындармен кездесіп, көпшілікті толғандырған мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жолдардың жай-күйі, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үйге қатысты түйткілдер сөз болды. Сондай-ақ Қызылорда облысының халқымен тілдесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.

ЕРҒАЗЫ ҚОЖАҚОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жерде бірнеше сұрақ көтерілді. Біріншісі – азық-түлік бағасын төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалай жетілдіру, сосын зейнетақы жасын төмендету бойынша. Біз бұлардың барлығын алдағы жұмыс жоспарларымызда ұсынатын боламыз.

Дүниежүзілік табиғатты қорғау күнін «Байтақ» жасылдар партиясы ерекше атап өтті. Саяси ұйымның төрағасы «Көліксіз бір күн» экологиялық челленджін ұйымдастырды. Партия мүшелері бұл бастамаға барынша атсалысты. Мәселен, бірі жаяу жүрсе, енді бірі қоғамдық көлікпен қатынап, тағы бірі велосипедті таңдады. Ал саяси ұйымның жетекшісі Азаматхан Әміртаев ЛРТ-ға отырып, әріптестерімен бірге бірнеше аялдаманы жүріп өтті. Жолаушылармен тілдесіп, оларға партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырды.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қарапайым адамдар өзінің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Ол тек қана қоршаған ортаның жағдайымен байланысты. Егер ауамыз лас болса, суымыз лас болатын болса, онда бұл адам денсаулығына тікелей әсер етеді.

«Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Өскеменде бірқатар кездесу өткізді. Олар сүт өндіретін кәсіпорында болып, Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшыларымен және қала тұрғындарымен кездесті. Мұнда шағын және орта бизнестің салықтық жүктемесі мен шығындарын азайту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ трамваймен жүріп, жастармен тілдесті.

МЕЙРАМГҮЛ МӘДӘЛІ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Салықтық қиындықтар, мемлекеттік кедергілер, бюрократиялық тосқауылдар жайында айтылып жатыр. Тіпті, мысалы, Өскемен қаласының кейбір азаматы парк мәселесін шешу, қаланың тазалығы деген сияқты дүниелерді де көтеріп жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз – осы кездесулердегі мәселелерді ұғыну, түсіну, жинау, ертеңгі уақытта сол мәселелердің бір шешімін табуға жұмыс істеу.

← Барлық жаңалықтар