Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 19 қаралым

Партиялар сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда

Құрылтай сайлауына үш аптадай уақыт қалды. Саяси партия өкілдері еліміздің әр аймағында сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда. Теріскейде зауыт жұмысын, батыста ауыл халқының ахуалын білуге асыққан саяси ұйым өкілдері өзге өңірлерді де ұмытқан жоқ.

«Әділет» партиясының өкілдері Атырау жұртымен жүздесті. Өндірісті өңірге табан тіреген әділеттіктер алдымен аймақтағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Артынша жастармен жүздесудің сәті түсті. Мұнда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, өзара пікір алмасу өтті. Сондай-ақ штаб мүшелері TEDx форматында облыс тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсыныстарын да білдірді. Басқосуда алдағы науқанның маңыздылығы да жан-жақты түсіндірілді.

НҰРБЕК МАТЖАНИ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

«Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын 5 жылға жоспарлап отыр. Сол сайлауалды бағдарламасы аясында бізде негізгі 7 мақсатымыз бар. Соның ішінде 5 миллион Қазақстан азаматын жаңа технологияларға, жасанды интеллектке және цифрландыру мәселелеріне арналған курстардан өткізу, яғни оқыту бағдарламамыз бар.

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар көкшетаулық тұрғындармен кездесті. Жиында ерекше білімді қажет ететін балалардың мәселесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өзекті қоғамдық мәселелерді және ұсынылған бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

ВИКТОР ПОДНЕБЕСНЫЙ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балалар бойынша көп сұрақ қойылды. Яғни олардың қолайлы білім алуларына, 18-ге толғасын не істей алады деген сауалдар көтерілді. Бұдан бөлек, интернет-алаяқтық мәселесі талқыға түсті. Әсіресе егде жастағы адамның цифрлық сауаттылығын көтеруге қатысты ұсыныстар айтылды.

Алматылықтар бүгін әсем әуенмен сусындады. «Ауыл» партиясының бастамасымен «Ауылым-әнім» музыкалық акциясы өтті. Науқан аясында қаладағы 20 қоғамдық көлік пен метро станцияларында ұлттық әндеріміз шырқалды. Мұндағы басты мақсат – көпшілікке ұлттық мәдениетімізді насихаттап, қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп, қазақтың ән өнерін дәріптеу. Партия өкілдері халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ұсыныстарын тыңдады.

НҰРБОЛАТ ӨМІРХАН, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ «AUYL JASTARY» ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Республика бойынша 69 кандидат. Ал біздің Алматы қаласы бойынша 4 кандидат ұсынылып жатыр. Оның ішінде жастар квотасымен, әйелдердің арасында және өзіміздің партияның жетекшісі де бар. Бізде партияда жастардың үлесі 25 пайыз. Кәсіпте, мемлекеттік қызметкерлігінде болған кісілер бар.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Ақтөбеге табан тіреді. Саяси ұйымның төрағасы Дания Еспаева бастаған кандидаттар өңірдегі темірбетон бұйымдары мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорынға барды. Мұнда ұжым мүшелеріне Құрылтай сайлауының маңыздылығын түсіндіріп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Тілдесу барысында өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осы кәсіпорында 500-дей адам жұмыс істейді. Баяғыдан бері тарихы бар мекеме. Біздің қандай мақсатымыз? Әрине, ең біріншіден халыққа түсіндіру: 23 тамыз күні сайлау болады, ол қандай сайлау, Құрылтай деген не – оны халық түсіну керек.

← Барлық жаңалықтар