Қостанайдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жеткіншек көз жұмды. Күндіз тынығып жатқаннан сол күйі оянбапты. Ерекше қажеттілігі бар баланың өлімі жауаптыларды аяқтарынан тік тұрғызды. Оның қазасы жайлы түрлі болжам айтылуда. Сондағы қызметкерлер жеткіншектің демі ауа жетпегендіктен үзілген деп топшылаған. Өйткені дәл балалар жататын жерде кондиционер жоқ көрінеді. Салдарынан аптап ыстықта ғимараттың ішінде ауа болмай қалады екен. Алайда жауаптылар оқиғаның жай-жапсарын ашып айтпай отыр. Тек әрбір бөлмеде ауа баптағыш орнатылғанын, балаларға ерекше күтім жасалатынын жеткізді. Ұйықтар алдында тәрбиеленуші дәрігерлерге ешқандай шағым айтпапты.
ДИНАРА ҚАРЫМСАҚОВА, ОБЛЫС ӘКІМДІГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл орталықта әрбір балаға жеке күтім жасалады. Тәулік бойы кіші медициналық қызметкер бақылайды. Тәрбиеленушілер екі күнде бір медициналық тексерістен өтеді. Әр топтың дене температурасы, тамағы қадағаланады. Әр бөлмеде салқындатқыш орнатылған. Баланың неден қаза тапқанын айта алмаймын.
Алпысқа жуық балаға пана болған мекемеде марқұм 2016 жылдан бері тұрып келген. Түскі астан кейін тынысы тоқтаған тәрбиеленушінің өліміне қатысты тәртіп сақшылары тергеу бастапты.
АМАНЖОЛ БАЙЗАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның нақты мән-жайы мен өлім себебін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.