Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Құрылтай сайлауына дайындық қызу

Құрылтай сайлауына дайындық қыза түскендей. Жеті партияның өкілдері еліміздің түкпір-түкпірін аралап, көпшілікпен кездесуде. Аудан, облыстан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да барып, қарапайым халықтың үнін естіп, толғандырған сұрақтарына байланысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері еліміздің әр өңірінде жүр. Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттардың бір тобы Жезқазғандағы қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы орталыққа барды. Мұнда мекеме ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, қызметкерлердің ұсыныс-пікірін тыңдады. Ал Өскеменге барған партиялықтар көлік кәсіпорнының ұжымымен жүздесті. Көпшілікпен еңбек құқығы мен медициналық сақтандыру жайларын талқылады. Сондай-ақ саяси ұйымның өкілдері Ақмола облысының Зеренді ауданына да ат басын бұрды. Мұнда ақ халатты абзал жандармен жүздесіп, саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

ІЛИЯС ЖАНҒАЛИ, ЖСДП АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл кіші және орта буындағы медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру бойынша сұрақтар, резидентураға түсу бойынша және ауыл мекендерде медицина қызметкерлерінің, яғни дәрігерлердің жетіспеушілігі бойынша сұрақтар.

«Байтақ» жасылдар партиясы Алматыдағы ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы мен №66 мектеп ұжымымен кездесті. Жиында биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар табиғатты қорғау тұжырымдамаларын жүзеге асыру бойынша ой бөлісті. Мемлекеттік органдар мен қоғам арасында экологиялық түйткілдерді шешуде өзара ынтымақтастықты арттыру жайы да сөз болды. Жүздесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты таныстырылды. Көпшілік өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын да қойып, ұсыныстарын білдірді.

АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Бүгін «Байтақ» партиясы туралы айтылды. Неліктен жасыл түсті таңдағанымыз түсіндірілді. Бұл – жай ғана түс емес, бұл – біздің идеологиямыз, дүниетанымымыз, ұстанымымыз және қоғам алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі. Сондай-ақ партия көтеріп жүрген өзекті мәселелер туралы айтылды.

Respublica партиясының өкілдері Павлодардағы Еуразиялық энергетикалық корпорацияның қызметкерлерімен кездесті. Жиында салық саясаты, моноқалалардың дамуы, кадр тапшылығы, жалақы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Уақыт белдеуіндегі өзгерістер туралы да сөз болды. Сондай-ақ «Қызылжар құс» фабрикасының жұмысшыларымен жүздесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Партия өкілдері еңбек ұжымына партия бағдарламасының басым бағыттары туралы баяндап берді. Ал «Respublica Jastary» ұйымының өкілдерімен кездесуде жастардың білім алып, жұмысқа орналасуы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жастардың түрлі жобасын қолдау мәселесі көтерілді.

МАХАНБЕТ АМАНГЕЛДІ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің негізгі бағытымыз, әрине, орта және шағын бизнес өкілдерінің құқықтары. Себебі неге біз әрқайсымыз, өзіміздің ұрпағымыз, балаларымыз барлығы мемлекетіміздің бай болғанын қалаймыз, қуатты болғанын қалаймыз. Сол себепті осы бағытта даму үшін көптеген заңнамалық өзгерістер керек болады.

← Барлық жаңалықтар