Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

LRT-ға жаңа тариф енгізеді

Енді LRT-мен жиі жүретін жандарға төлем оңтайлы бола түспек. 1 тамыздан бастап жүрдек пойызға арналған жаңа тарифтер енгізіледі. Жолаушы өзіне ең тиімдісін, мәселен, бір күндіктен бастап үш ай бойы жол жүруге болатын абонементті таңдай алады. Айталық, күндік жолақыны 500 теңгеге алып, онымен пойызға сол күні қанша мініп-түссеңіз де өз еркіңіз. Сол сияқты 5 мың теңгеге 15 күнге, 7500 теңгеге бір айға, ал 20 мың теңгеге үш айға жарайтын тарифті алып, жолақыға кететін шығынды үнемдеуге болады.

Ескеретін жайт, 30 күндік пакетті айдың 15-іне дейін алған болсаңыз, ол сол айдың соңына дейін ғана жарайды. Ал айдың 15-інен кейін сатып алсаңыз, оны тек келесі айдың бірінен бастап, соңына дейін ғана пайдалана аласыз. Сондықтан оны әрі айдың басында алған тиімді. Сондай-ақ сапар санына қарай да арнайы пакет бар. Бұл дегеніміз 5 рет сапарлау құны – 900 теңге, 20 сапар – 3500 теңге, 30 рет жүргеніңіз – 5000 теңге. Оны жүру саны біткенше қолдана бересіз.

Айта кетейік, бұл жолақысы қымбаттайды деген сөз емес. Бір реттік жол жүру ақысы 200 теңге болып қала береді. Тарифтердің пакетін бекет кассаларынан сатып алып, Tarlan Astana көлік картасына жүктеуге болады. Картаны жоғалтып алған жағдайда ішіндегі қаражат қалпына келтірілмейді.

← Барлық жаңалықтар