Үкімет 2035 жылға дейінгі гидроэнергетика саласын дамыту жоспарын бекітті. Мақсат ауқымды: аймақтарда жаңа су электр стансалары салынып, қуат көздерінің қауіпсіздігі нығайтылады. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Бағдарлама шеңберінде алты негізгі бағыт бойынша топтастырылған 30 іс-шараны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, өзендердің су теңгерімі мен энергетикалық әлеуетін бағалау, тоқ өндіретін кешендер бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастыру, жер учаскелерін дайындау, су электр және гидроаккумуляциялау стансаларының пулын құру сынды міндеттер бар.
САНЖАР ЖАРКЕШЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Жоспарда гидроаккумуляциялық электр стансаларын қоса алғанда, перспективалы гидроэнергетикалық жобалардың ұзақ мерзімді портфелін қалыптастыруға, елдің гидроэнергетикалық әлеуетінің цифрлық платформасын құруға, сондай-ақ су балансына кешенді бағалау және су объектілеріне техникалық зерттеулер жүргізуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл гидроэнергетиканы дамытуды жоспарлауға жүйелі тәсілді қамтамасыз етуге және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.