Ақтөбеде алапат өрт болды. Ірі құрылыс базарындағы қойма қызыл жалынға оранып, құтқарушыларды аяғынан тік тұрғызды. Асай-мүсейлерін артынып жеткен жандар тілсіз жаумен бір сағаттан астам уақыт арпалысып жатып, әрең дегенде ауыздықтаған. Бет қаратпаған оттың іргедегі сауда орындарына таралуына жол бермеу үшін жедел штаб құрылып, жұмысқа өрт сөндірушілермен бірге полиция және жедел жәрдем қызметкерлері де жұмылдырылды. Құтқарушылардың айтуынша, қойманың металл конструкциялары өртті сөндіруді әжептәуір қиындатқан. Дегенмен, жүйелі жоспар құрып қимылдаған мамандар жалынның бетін тойтарды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің қалай тұтанғаны анықталып жатыр.