Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарулы шабуыл жасалды. Кесілген аңшы мылтығын полиэтилен пакетке салып кірген екі жігіт қаруды кезеп тұрып, кассирден күндік түсімді талап еткен. Оқиға Талғар ауданында болды. Бет-аузын тұмшалап алғандардың әрекеті тайға таңба басқандай бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Олардың біреуі кассирге жақындап, пакет ішіндегі қаруды көрсетсе, екіншісі есік алдында бақылап тұрған. Әйелдің жүрегі аузына тығылып, сөйлеуге де шамасы келмепті. Тек күзетші араласқаннан кейін ғана күдіктілер райынан қайтып, бірде-бір оқ атпастан қашып кеткен. Ұсталғандардың бірі – 20, екіншісі – 22 жастағы жігіттер екен.
АРНАТ СҮЛЕЙМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қарақшылық шабуылға қатысы бар екі адамның да жеке басы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүзеге асырылуда.