Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Партиялар бағдарламаларын таныстыруды жалғастыруда

Құрылтай сайлауына қатысатын 7 партияның өкілдері өңірлерді аралап жүргеніне бір аптадай болды. Кандидаттар әр саланың мамандарымен кездесіп, жастармен тілдесіп, аймақтардағы өзекті мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынуда. Көпшілікке саяси ұйымның тұғырнамасын таныстырып, алдағы науқанның маңыздылығын түсіндіріп жүр.

«Әділеттіктер» кеншілер қаласына табан тіреді. Саяси ұйымның республикалық сайлауалды штабының мүшелері облыстағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Мұнда партияның негізгі ұстанған бағыттарын түсіндіріп, алдағы науқанның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ кандидаттар өңірдегі беделді оқу орындарының біріне барды. Мұнда профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатысуымен еркін форматта пікір алмасты. Білім саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, оның шешу жолдары да талқыланды.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ДЕПУТАТТЫҚҚА КАНДИДАТ:

Біздің мақсатымыз – халықты «Әділет» партиясының бағдарламасымен таныстыру болып табылады. Біздің ұстанып отырған 7 нақты ұстанымымыз бар, 10 бағытымыз бар. Осы жөнінде халықпен кездесіп, азаматтарды егжей-тегжейлі таныстырумен айналысып жүрміз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері еліміздің әр өңірінде халықпен кездесулерін жалғастырып жатыр. Кандидаттардың бір бөлігі Қарағанды облысындағы Пришахтинск елді мекенінің тұрғындарымен жүздесті. Мұнда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі кибералаяқтық тақырыбы көтерілді. Ауыл тұрғындарына сақтық шаралары жан-жақты түсіндірілді. Ал саяси ұйымның тағы өкілдері Астанадағы №4 қалалық емхананың ұжымымен кездесті. Медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты. Саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Елдегі ұлт саулығын жақсарту жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Партия өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданында жастармен ашық диалог өткізді. Кездесуде білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және жастардың бастамаларын қолдау жайы сөз болды.

РҮСТЕМ САРМАНОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жастардың мәселесіне назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені жастар мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады.

«Байтақ» партиясының мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері көтерілді. Партия өкілі Алма Қараш сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырып, әлеуметтік саясаттағы бастамаларға тоқталды.

АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Біз партияның құндылықтары, бағдарламасы және платформасы туралы айтып, тұрғындардың пікірін тыңдадық. Кездесуде халықтың ұсыныстары мен ой-пікірлеріне куә болдық. Жасы үлкен азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – денсаулық. Әрине, экология мәселесі де көпшілікті толғандырады. Бұл – баршаға түсінікті әрі маңызды тақырыптар. Кездесу өте мазмұнды өтті.

Қазақстан Халық партиясының өкілдері Астанада «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Аталмыш ұйым Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық майдангерлерді іздеумен айналысады. Шарада осы жұмыстың негізгі қорытындылары таныстырылды. Арнайы жасақ жыл сайын Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург маңында қазба жұмыстарын өткізеді. Осы уақытқа дейін хабарсыз кеткен 3200-ден астам отандасымызды тауыпты. Белсенділер архивтік құжаттарды зерттеуге де қолдау көрсетуде. Кездесу барысында жиналғандарға партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты таныстырылды. Көпшілік өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын да білдірді.

ЛӘЗЗАТ СҮЛЕЙМЕН, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Екінші дүниежүзілік соғыс – біздің тарихымыз. Біздің халқымыз үшін ата-бабаларын табу, Құран оқу, құрмет көрсету – ата салтымыз болып табылады. Сондықтан да бұл ұйым адамдарға үлкен көмек көрсетіп отыр.

«Ауыл» партиясының сайлауалды штабының өкілдері Ақмола өңірінде болып, халықпен кездесулер өткізді. Оның алғашқысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне арналған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізетін жетекші компанияда өтті. Серіктестік 25 жылдан бері отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді озық технологиялармен қамтамасыз етіп келеді. Партия төрағасы өңір тұрғындарын сайлауалды бағдарламамен таныстырып, халықты толғандырған сұрақтарына жауап берді. Кандидаттар Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылының тұрғындарымен де жүздесті. Мұнда ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халықпен кездескенде көп сұрақ қойып жатыр, көп ұсыныс беріп жатыр. Біз оны жазып алып, іске қосамыз. Көп мәселелер көтеріліп жатқан шалғай аудандарда жол мәселесі, интернет мәселесі, су мәселесі. Сондай мәселелерді халық көтеріп жатыр. Бірінші үлкен мәселе – жұмыс орны дейді.

«Ақ жол» партиясының орталық штабы Қарағандыға келіп, Сарыарқа арнайы экономикалық аймағын аралады. Сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен отқа төзімді материалдар шығаратын зауыт қызметкерлерімен пікір алмасты. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, басымдық беріп отырған негізгі бағыттарына тоқталды. Артынша жылу оқшауланған құбырлар шығаратын зауытқа барып, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде отандық бизнесті қолдау және қаржылық сауаттылық мәселелері айтылып, жиналғандарға кеңес берілді.

ЕРМЕК ӘБІЛДИН, «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Енді кәсіпорындар – экономикамыздың негізгі бөлшегі, кәсіпкерлер. Ең басты салық төлеушілер – кәсіпорындар. Сондықтан шағын және орта бизнесті, үлкен кәсіпорын болсын, соларды қолдау керек. Сол үшін арнайы келіп отырмыз.

Республикалықтар Ұлытау облысында жүр. Партия өкілдері Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылындағы бірқатар кәсіпорында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Жаңадан құрылған облыста шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру, өңіраралық жүк тасымалын жандандыру жайы сөз болды. Облыс орталығындағы тігін фабрикасында өткен басқосуда жұмысшылар балабақша кезегі мен қалааралық қоғамдық көлік қатынасына қатысты әлеуметтік мәселелерді көтерді. Еңбек адамдары көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.

БЕКЖАН АЙТҚҰЛОВ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Көптеген мәселе көтеріп жатыр. Бірінші кәсіпорын деңгейінде айтатын болсақ, ол – инфрақұрылым қолжетімділігі, тұрақты өткізу нарығы. Кездескен жұмысшыларды әлеуметтік мәселелер толғандырып жатыр. Өздеріңіз естіп жатырсыздар, мынау инфрақұрылым мәселесі, жол мәселесін айтты, сонымен қатар көлік мәселесін де айтты.

← Барлық жаңалықтар