Астана көшелерінде тамақ тасып жүрген роботты көрсеңіз, таңғалмаңыз.
Қала әкімдігі, полиция департаменті, «Astana Innovations» және Yandex Qazaqstan компаниялары бірігіп, жаңа пилоттық жобаны қолға алды. Құлтемірлер тұрғын үйлерге дейін жаяу жүргіншілер жолымен қозғалып, кіреберістің алдына кеп тоқтайды екен. Тапсырыс беруші оның қозғалысын мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Робот келгеннен кейін смартфон көмегімен оның жүксалғышын ашып, тапсырысыңызды аласыз. Темір курьердің орташа жылдамдығы – сағатына 6 шақырым. Ол бағдарды өзі құра алады, компьютерлік көру және нысандарды тану технологиясымен кедергілерді танып, ешкімге соқтықпай еркін жүре алады. Қазірдің өзінде Нұра ауданының тұрғындары жаңа технологияның қызығын көріп жүр.