Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 18 қаралым

«Болашақ ойындары» – Ұлттық ұланның бақылауында

Астанада өтіп жатқан халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» жарысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көзге түскен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков сарбаздарға мінсіз қызметі үшін алғыс айтып, олардың тәртібін, кәсібилігі мен қырағылығын атап өтті.

СӘЛІМ ЧУКАЕВ, №5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ СЕРЖАНТЫ:

Бүгінгі марапат мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бізге жүктелген басты міндет – халықаралық «Болашақ ойындарына» келген барлық қонақтар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қызметті әскери антқа адал болып, қырағылықпен атқарудамыз. Осындай марапат берген қолбасшылыққа алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да еліміздің тыныштығын және қоғамдық тәртіпті сақтауға адал қызмет ете беремін.

Ұлттық ұланның 1600-ден астам сарбазы спорт нысандарында, жарысқа қатысушылар мен ресми делегациялар орналасқан орындарда, көлік тораптарында және адам көп жиналатын өзге де жерлерде қызмет атқаруда. Қоғамдық тәртіпті күзетуге Астана, Көкшетау, Қарағанды және Теміртау қалаларының бөлімшелері тартылыпты. Олар халықаралық турнир аяқталғанға дейін, яғни 9 тамызға дейін қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

ЕСЕНБЕК ХАЙНОЛЛА, №5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕРІ:

Біз жауынгерлік қызмет барысында мыңдаған адаммен жүздесеміз. Шетелден келген қонақтардың Қазақстан туралы жақсы әсермен қайтуына біздің де қызметіміз ықпал етеді деп ойлаймын. Сондықтан әр әскери қызметші өз міндетіне мұқият қарап, кез келген жағдайға дайын тұрады. Ең бастысы, Астанадағы әртүрлі іс-шаралар жоғары деңгейде, тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өтсе, біздің қызметіміздің нәтижесі де сол деп білемін.

← Барлық жаңалықтар