МӘМС-тің миллиардтаған қаржысын қалтаға басқандардың қулығы әшкере болды. Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық ұйымдардың 140 мыңға жуық азаматты жалған тіркеп, жемсауын толтырғанын анықтаған. Қазір 36 қылмыстық іс бір мезетте тергеліп жатыр. Мәселен, «ForteClinic» деп аталатын жеке орталыққа 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сондай-ақ DamuMed ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделіпті. Бірақ барлығы қағаз жүзінде. Осы заңсыз әрекеті үшін клиника басшысы 5 жылға, ал оның сыбайласы «Денсаулық сақтауды дамытудың» ұлттық ғылыми орталығының қызметкері 3 жылға сотталды. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметіне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған. Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған.