Көрікті мекен «Баянауыл» ұлттық паркінде тағы да өрт шықты. Бұл жолғы тілсіз жау Жасыбай орманшылығының 17-ші орамында тұтанды. Қашандағыдай бес қаруы сай тұратын құтқарушылар шапшаң қимылдады. Жалынды ауыздықтауға 40-қа жуық маман мен 20 шақты техника жұмылдырылып, тікұшақ көмекке келді. Әуеден 27 тонна су төгіліп, жердегілер де жанталасып жатып, үйлесімді қимылдай білді. Соның арқасында өрттің өршуіне жол берілмеді. Құтқарушылардың дегбірін қашырған отқа қатысты әзірге екі болжам бар. Біріншісі – ұлттық паркке келген демалушылар өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Екіншісі – найзағай түсіп, содан шыққан болуы мүмкін.