Судың да сұрауы бар. Енді еліміздегі өзен-көлдер мен олардың сағалары түгел цифрландырылып, орталық ақпараттық жүйеге қосылатын болды. Құжатты әзірлеген Су ресурстары және ирригация министрлігі оған барлығы 17 мыңдай өзен, 3 мыңдай көл мен мыңнан астам гидротехникалық нысанды енгізіпті. Бұл су пайдалануды есепке алуға, су қоймаларының жай-күйін бақылауға, трансшекаралық өзендердің жағдайын қадағалауға мүмкіндік бермек.
Бұдан тыс, жүйеге су тұтынатын 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Осылайша, су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрландырылған. Бұдан бөлек, жүйеге су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты да енгізіліпті. Құжат арнайы талдау орталығында әлі де пысықталып жатыр екен.