Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Сайлауға 3 аптадай уақыт қалды

Сайлауға үш аптадай уақыт қалған соң саяси партиялар жұмыстарын үдете түскендей. Ақтөбеде әйелдер форумын өткізіп, Семейде теміржолшылармен жолығып, шығыстағы жұмысшы мамандардың мәселесін тыңдап, өңірлерді аралап жүр.

Ақтөбеліктердің таңы бүгін ерекше атты. «Әділет» партиясының сайлауалды штабы осы өңірге табан тіреді. Бұған дейін саяси ұйымның өкілдері 6 облыста болып, аймақтардағы халықпен жүздескен болатын. Ал бүгін әділеттіктер әйелдерге арналған форум өткізді. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен мыңнан астам қыз-келіншек жиналды. Мұнда олар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, ана мен баланың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тойтарыс беру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту сияқты түйткілді тақырыптар сөз болды.

ШОЛПАН КАРИНОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ДЕПУТАТТЫҚҚА КАНДИДАТ:

Гендерлік саясат және гендерлік теңдік мәселесі де әйелдерді мазалайды. Сол тұрғыдан мына қай мамандықтарда еңбекақыны тең жағдайында әйелдер жұмыс істей алады деген мәселе де бар. Тағы бір күрделі мәселе – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге назар аударып, оны жоққа шығаруымыз керектігін тапсырған болатын. Сондықтан біз осы мәселеге назар аударатын боламыз.

Өскеменде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері жұртшылықпен кездесті. Қала тұрғындары өнеркәсіптік аймақтағы экологияны жақсарту, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, жастарды жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Ал Шымкентте саяси ұйымның өкілдері медицина қызметкерлерімен жүздесті. Жиында зейнетақы жинағын басқару, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру және аурухананы жарақтандыру мүмкіндіктері талқыланды. Сөз алғандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өзара пікір алмасты.

ҚУАНДЫҚ НҰРЖАУ, ЖСДП ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында аурухана қызметкерлерімен кездесіп, өзіміздің бағдарламамен таныстырып, ол кісілердің көкейінде жүрген сұрақтарын тыңдадық. Басты көтеріп жатқан сұрақтары – зейнет жасын төмендету, азық-түлік бағасының көтерілуі. Көпшілікті осы мәселелер алаңдатады.

Қазақстан халық партиясының өкілдері Семейде теміржолшылармен кездесті. Сала өкілдері зейнет жасына жақындағандарды еңбекпен қамту мәселесін көтерді. Жұмысшылар «Күміс жас» жобасы туралы пікірлерін бөлісіп, егде жасқа таяғандарға арналған оқу орнын ашу, олардың экономикалық белсенділігін сақтауға көмек беру туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, жалдамалы жұмыскерлердің еңбек құқығын қамтамасыз ету мәселесі сөз болды. Саладағы өзге мәселелер жан-жақты талқыланды. Кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын көпшілікке таныстырып, алдағы науқанның маңыздылығына тоқталды.

ХАЛЕЛ МАҚСҰТОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы теміржолшыларда 5 мыңдай адам жұмыс жасайды екен. Сол енді бүгін басшылармен кездесіп, өзіміздің тақырыбымызды, болашақтағы бағдарламаларымызды түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өз ісіне адал болатын, заңды құрметтейтін, өзінің ісі мен жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, отбасына, қоғамға, мемлекетке қызмет ететін адамдарға осы адал қызметі үшін кездескен уақытта көп-көп рахметімізді айттық.

← Барлық жаңалықтар