Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Болашақ миллиардерлер Астанада жүр

Технологияның тілін жетік меңгеріп, жасанды интеллекті ұршықша иіретін жастар болашақта не миллиардер, не әлемді өзгертетін ғалымға айналуы мүмкін. Мұндай оқушылардың ірі кәсіпкер болу мүмкіндігі қарапайым адамдардан 1,5 мың есе жоғары. Ал ғылыми жаңалық ашу ықтималдығы 4 мың есеге артық екен. Бұл – бұрынғы министр, қазіргі Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының төрағасы Бағдат Мусиннің пайымы. Дәл осындай білімді һәм білікті жастар бүгін Астанада жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада бақ сынап жатыр.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада – заманауи цифрлық технологияларды шебер меңгерген зияткерлер додасы. Биыл үшінші мәрте жалауын көтеріп отыр. Екі жыл бұрын Болгарияда өткен сайыста 32 мемлекеттің оқушылары бақ сынаса, былтыр Бейжіңде 61 ел өз өкілдерін баптап бәйгеге қосқан екен. Ал биыл қатысушылардың қарасы көп. Астанадағы білім сайысына 106 елдің кіл мықтылары келген.

Инновацияға иек артқан біздің елдің балалары саланың үздіктері саналады. Өткен жылы осы олимпиадада 3 алтын, бір күміс және үш қола медаль еншілеген жерлестеріміз бейресми есепте 4-орын алған. Биыл да биіктен көрінуді мақсат етеді.

АЙБЕК БЕКБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАПКЕРІ:

Бірінші сбор аясында сегіз адамды іріктеп алдық. Екінші сбор аясында АЙОАЙ-ға дайындалдық. Бұл жақта көп затты қысқа уақытта істеп үлгеру керек. Мысалы, бір-екі идея пайда болады ИМО-да. Оны тез-тез тексеруге болады. Ең маңыздысы осы. Еш нәрсе белгісіз. Уақыт аз. Сол уақытта көп зат істеп үлгеру керек.

Олимпиада екі негізгі бағытты қамтиды. Алғашқысында әр оқушы 6 сағаттың ішінде жасанды интеллект модельдерін әзірлесе, кейін командалық сайыста тәжірибелік тапсырмаларды орындайды.

БАҒДАТ МУСИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мысалы, былтыр Жасанды интеллект олимпиадасында жалған ақпаратты, яғни фейкті әшкерелеу немесе радиосигналдар арқылы сөздерді анықтау сияқты тапсырмалар болды. Бұл – балаларға жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін және оны тәжірибеде қалай дұрыс қолдану керектігін көрсететін нақты, практикалық тапсырмалар. Осындай жарыстарға қатысу үшін келген жастар ертеңгі күні ірі стартаптар мен технологиялық жобалардың негізін қалайтын мықты ғалым, кәсіпкер болып қалыптасады.

Қазақстан цифрлық даму тұрғысынан көп елдерден оқ бойы озық. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасында 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша да біз Орталық Азияда көш бастап тұр екенбіз. Олимпиаданың шымылдығын түріп берген Президент оны әрі қарай өрістету жастардың зияткерлік әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін.

Жаһандық ауқымдағы олимпиада 2026 жылғы 8 тамызда мәреге жетеді. Сол аралықта 500 зияткер біліктілігін жан-жақты дәлелдеуі тиіс.

← Барлық жаңалықтар