Елімізде ең ауқымды жол құрылысының жұмысы басталды. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы «Бейнеу – Сексеуіл» трассасын салуға батасын берді. Ұзындығы 800 шақырым болатын стратегиялық жоба Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан бұл трассаның маңызы екі облыстың арасын жалғаудан тым тереңде жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көлік-логистика саласы – тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт», – деп атап өтті. Сәтімен болса, дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, жылына шамамен 13,2 миллион тоннаға жетеді. Сондықтан «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аумақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болмақ. Одан өзіміз де, өзгелер де пайдаға кенелмек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Бейнеу – Сексеуіл бағдары халықаралық ауқымдағы автожол болмақ. Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын алтын көпір ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау мен Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады.
Сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жол пайдалануға берілгеннен кейінгі 10 жыл ішінде көлік ағыны екі есеге ұлғаяды деп болжануда. Ал Арал – Каспий магистралі Қазақстанның үш бірдей облысын басып өтеді. Бұл жобада жол сапасына басымдық берілген. Мердігер компания жолды жобалап, салып қана қоймай, 7 жыл бойы күтіп-ұстауға міндетті болады.
АРМАН ЖОЛДЫҚҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Барлық талаптарға сай заманауи құрылғылардың бәрін қолданатын боламыз. Бұл жолдың бойында үй жануарларын жолға шығармайтын қоршаулар болады. Су құбырлары болады. Өткелдер, көпірлер болады. Жалпы жол құрылысына Маңғыстау облысында қиыршық тас, өзімізден шығатын битум толықтай пайдаланылатын болады.