Қызылорда облысының Сексеуіл станциясындағы теміржол бекетінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Вокзал тәулігіне үш жүзге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Барлық заманауи талаптарға сай жоғары сапалы жабдықталған. Ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған. Арал ауданына қарасты бұл елді мекенде екі жарым мың адам тұрады екен. Соның 80 пайызы осы теміржолдан нәпақасын тауып жүр.
ЕРКЕБҰЛАН АЯҒАНОВ, СЕКСЕУІЛ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда теміржолшыларға барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Оның ішінде ескі вокзал ғимараты бұзылып, жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Бұл күнделікті 14 жолаушы тасымалына арналған. Жолаушыларды күтіп алуға барлық жағдай жасалған. Барлық қызметтер қамтылған. Сексеуіл халқы мен қонақтары үшін үлкен жағдай жасап отыр.
Жалпы, былтырдан бері облыстағы теміржол бекеттерінің бәрі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жақында ғана Жаңақорған, Шиелі және Қазалы теміржол вокзалдары ел игілігіне берілді.