Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Мектептегі бау-бақша

Ақтөбеде бір мектептің басшысы оқушыларын бау-бақшаның жұмысына жегіп отыр. Арасында қолына күрек ұстай алатын жоғары сыныптың балаларынан бөлек, бастауыштың кішкентайлары да бар. Бір қызығы, осының бәрін көре тұра, «каникулда баламды неге қара жұмысқа салып қойдың?» деп шағым айтқан бір де-бір ата-ана жоқ. Бұл не қылған мектеп?

Ақтөбедегі №14 білім ордасының «Мектеп бақшасы» деген жобаны қолға алғанына биыл үшінші жыл. Директор оқу ғимаратының артында бос жатқан аумақты кәдеге жаратуды жөн көрген. Міне, содан бері жыл сайын екі жүз шаршы метр аумаққа көкөніс егіп келеді. Көктем бойы «Таза бейсенбіде» ұстаздар мен оқушылар кетпен-күрек ұстап, жер қопсытып, бақшаның орнын дайындапты. Енді еңбек лагеріндегілер күтіп-баптап жатыр.

МҮСЛИМА ҚАРЖАУБАЕВА, ОҚУШЫ:

Бұл жерде тәтті құлпынайлар, қызанақ, қияр және басқа да көкөніс, жемістер өседі. Біз алдында қарбыз, қауын ектік. Біз бүгін арамшөптерді жұлдық және көкөністерді суардық. Маған еңбек лагері өте қатты ұнайды.

Аты мектеп демесең, үйдегі бақшадан еш айырмасы жоқ. Қияр, қызанақ, асқабақ, кәді мен бұрыш, қауын-қарбыз өсіп жатыр. Одан бөлек, құлпынай мен бүлдірген де бар. Әр жемісті қалай дұрыс күтіп-баптау керектігін мектептің ардагер мұғалімдері мен биология пәнінің ұстаздары айтып отырады екен. Ал арамшөбін жұлып, уақытылы суаруды оқушыларға жүктеген. Бұл мәселені директор ата-аналармен жиналыста басына ашып алған. Олар бірауыздан құптапты.

СӘБИТ ШҮЙТЕНОВ, Х.ДОСПАНОВА АТЫНДАҒЫ №14 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл нені білдіреді? Бұл жерде біз табиғатты сүюге, еңбекке баулуға және осы жиналған өнімдерді аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға таратуға, балаларға жақсы тәлім-тәрбие береді деген ойдамыз.

Биылғы жаз жауын-шашынды. Соған қарамастан, бау-бақша жақсы өсіп жатыр. Құлпынайды екі мәрте жинап, балалар ауыз тиіп үлгерген. Жүйектен жинап алған қиярдың молдығына қарап, өнім былтырғыдан жаман болмауы керек деп отыр. Көкөністен бөлек, биыл ата-аналар мектеп ауласына жеміс ағаштарын еккен. Оның өнімін келесі жылы жинап алады.

← Барлық жаңалықтар