Көңілі тоқ, қайғысы жоқ, сөзінде мән жоқ. Енді лайк пен қаралым үшін TikTok-та аузына келгенін айтып, былапыт сөз сөйлейтін блогерлер сот алдында жауап береді. Онлайн өмірде білгенін істеп жүрген жандарға құзырлы органдағылар қатаң шара қолдануды бастап кетті. Бір аптаның ішінде еліміз бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал кейбірі тіпті бірнеше тәулікке қамалған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, олар тікелей эфирде донат жинау үшін қауіпті пранктар ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен. Осы тұста жауапты ведомство анонимді аккаунт не телефонның арғы бетінде түр-әлпетін жасырса да, олардың жауапкершіліктен қаша алмайтынын алға тартты. Сол себепті де заңнан ешкім жалтара алмайды. Осылайша, цифрлық кеңістікте тәртіп орнатып, әдепсіз әдеттердің қалыптасуына жол бермеу керек дейді министрліктегілер.