Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Атырауда лалагүл өсіп жатыр

Атырауда таңғажайып жағдай болды. Үндістанның ұлттық символы, Қазақстанда Қызыл кітапқа хатталған лотос гүлі мұнайлы өлкеде жайқалып өсіп жатыр. Оған 11-12 жастағы оқушы қыздар себеп болған. Анасы алғашында лалагүлді ауласына егіпті. Алайда тақыр жерде дақыл шықпағасын, қызы мен оның құрбысына өзенге апарып себуді тапсырған. Арада бір жыл өткенде сирек кездесетін өсімдік су бетіне көрік беріпті. Қазір алыс-жақын елді мекендерден тазалықтың символын тамашалауға келетіндер көп екен.

РАУГҮЛ ӘЗІМЖАНОВА, КЕҢӨЗЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы лотос гүлін естігеннен бері, жерге салынғаннан бері Атырау халқы келіп жатыр. Естіп жатырмыз, Ақтаудан да, Ганюшкиннен де келіп жатыр дейді. Осы жерге өзіміз күнде кешкісін келіп қараймыз. Біз өзіміз қуаныштымыз енді. Қыздарымыз, көршім, бәріміз осы жерге лотос гүлін шығарып, халыққа қуаныш сыйлағанымызға.

Енді тұрғындар жергілікті шенділерден аумақты тазалап, демалыс орталығына айналдыруды сұрап отыр. Алайда қазір атқамінерлер дәнегі Қытайдан келген лалагүлдің түрін анықтай алмай дал. Егер Қызыл кітапқа енген түрі болса, ерекше қорғауға алынбақ.

МЕРЕКЕ ШАЛҚАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта біздер Алматыдағы ғылыми зерттеу университеті Ботаникалық бақ ғылыми зерттеу университетіне хат жолдап, нақты анықтап беруін сұрадық. Қазір соның жауабын күтіп отырмыз. Қытайда бұл лотостың 200 түрі өседі.

← Барлық жаңалықтар