Той орынсыз уағыз айтып, адамдарды алалайтын жер емес. Өзгенің қуанышына келіп, өзінің жеке пікірін тықпалайтындарды, өнерді харам көріп, ұлттық наным-түсінікке күйе жағатындарды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары сынап тастады. Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбасында жақында Жетісайдағы тойда болған жағдайды мысалға алды. Желіде тараған видеода ер адам ақжарма тілектің орнына уағыз айтып тұр. Мұнымен қоса, дәстүрді сынап, әйел адамды кемсітетін орынсыз теңеу қолданған. Негізі, «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», дейді Ерлан Қарин.
ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ЕРЛАН ҚАРИН:
Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тойда тілекке шығып, әсіре діни пікір айтқан адамның бейнежазбасы тараған еді. Оның тойға түрлі шектеу қою туралы, атап айтқанда музыканы мүлде алып тастау, ер мен әйелді бөлек отырғызу туралы айтқаны желі қолданушыларының сынына ұшырады.