Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Партиялар арасында бәсекелестік қыза түсті

Құрылтай сайлауына 20 күн қалды. Шешуші күн жақындаған сайын партиялар арасында бәсекелестік күшейіп, кандидаттар ауыл-аймақты белсенді аралап жүр.Уақыт тығыз, күн тәртібінде мәселе көп. Бірі ауыл жұртымен жүздесіп, енді бірі шаһар тұрғындарымен тілдесіп, сайлау туралы барынша ақпараттандырып жатыр.

Тойдың болғанынан боладысы қызық. Елдің өміріне, халықтың жағдайына алаңдап жүрген байтақтықтардың сапары Сыр елінде жалғасып жатыр. Партияның республикалық эко-керуені Арал қаласындағы «Балықшылар аллеясында» ерекше акция өткізді. Мұнда саяси ұйымның өкілдері өңірдегі белсенді азаматтарға сый-құрметін көрсетіп, партияның туын табыстады. Жиналған көпшілік естелікке қолтаңбаларын да қалдырды. Алдағы додадан үмітін үзбей, мәселелерін жеткізуге асыққан жұрт өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Заң мен тәртіп, яғни елімізде сапалы заңдар болу керек және сол заңдар орындалу керек, іске асу керек. Міне, осы жұмыста қоршаған ортаны қорғау мәселесінде «Байтақ» жасылдар партиясының орны маңызды.

Солтүстіктің халқы үшін бүгін ерекше күн. Өйткені тек көгілдір экранның арғы шетінен көріп жүрген «Ауыл» партиясының өкілдерімен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Саяси ұйымның мүшелері облыстағы сүт зауыты мен тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған коммуналдық мекеме ұжымымен кездесті. Басқосуда мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі сынды бірқатар мәселелер көтерілді. Сондай-ақ ауыз суға қатысты түйткілдер де сөз болды. Өз кезегінде проблемаларды шешу жолын ұсынған ауылдықтар кейін мінберлерден де осы мәселелерді көтереміз деп уәде берді.

ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

69 кандидат Құрылтайға ұсынылды. Олар Қазақстан бойынша барлық өңірлерде жүр: Ақмола облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы. Енді қалған үш аптада мен әлі 7 өңірді аралап шығамын. Бүгінгі кездесу өте жақсы өтті, жұмысшылармен сөйлестік, технологтармен сөйлестік.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ақжолдықтар Әулиеата өңіріне табан тіреді. Бұл жолы кандидаттар Жамбылдағы жұмысын Меркі ауданынан бастады. Ауыл жұртын да ұмыт қалдырмаған үміткерлер 70 жылдық тарихы бар шипажайда жұртшылықпен жүздесті. Ресми форматтан бас тартқан партиялықтар халықпен емен-жарқын отырып тілдесті. Жиналған қауым өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, өңірдегі өзекті мәселелерді жіпке тізіп шықты. Өз кезегінде кандидаттар өз ұсыныстарын айтып, партияның да негізгі тұғырнамаларын таныстырып өтті. Сондай-ақ саяси ұйым өкілдері «Меркі қант зауытына» да ат басын бұрды.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ең бірінші біздің мақсатымыз – әрбір ұжыммен кездесуде міндетті түрде бүгінгі күнде халықты қандай мәселелер толғандырады, соны талқылап, сонымен қатар өзіміздің «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстыру. Халықтың көтеріп отырған көптеген сұрақтары несиеге байланысты.

Болат жолдың тынысын техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған жұмысшылардың жай-күйімен республикалықтар танысып қайтты. Партия мүшелері Қызылордадағы бірқатар кәсіпорынға арнайы барып, еңбек ұжымдарымен тілдесті. Ең алдымен жолаушылар вагондарын жөндеу кешені мен өндірістік цехтың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда сөз алған әрбір жан бүкпесіз өздерінің сауалдары мен ұсыныстарын айтты. Саяси ұйымның өкілдері партияның тұғырнамасын таныстырып, негізгі бағыттарды егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұдан бөлек, кандидаттар кірпіш зауытына да барды. Көпшілікпен тілдесіп, мәселелерін өздеріне түртіп алды.

ЖАЛЫНБЕК ЖАЙНАРБАЙ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ АТЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Үгіт-насихат науқаны аясында партияның жоспары қандай, партия алдағы күнде не істей алады, бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар істелді деген сияқты мәліметтерді беріп өттік. Қазіргі күнде менің байқауымша, бізді өте жақсы қарсы алып, саяси белсенді екенін көрсетіп, сондай бір жақсы әсер алып жатырмын Қызылорда қаласынан.

← Барлық жаңалықтар