Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Нұрай Серікбайдың әкесі қандай шындықты айтты?

Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сотқа жаңа куәгер келді. Ол күдікті жігіттің баяғыда қолы қанға боялмай тұрғанда қызды алып қашуы туралы айтып берді. Алғашқы хабарламаны алғанда-ақ жедел әрекет етіп, бірінші жетіп барған өзі екен. Тергеушінің айтуынша, діттеген жеріне келгенде, отырыстың үстінен түскен. Сол жерде жас қызбен жеке әңгіме өрбіткен.

Шымқаладағы шым-шытырық оқиғаның шындығы бүгінде бір орында шырмалып қалды. Нұрай Серікбай күдіктінің үйіне өз еркімен барды ма, көңілі қалап қалды ма деген сұрақ көптің көңілін күпті қылды. 21 жастағы бойжеткенді ұрлап әкетті деген хабарламадан кейін марқұммен алғаш тілдескен тергеуші сөз алды алдымен. Айтуынша, сол күні дастарқан басында бөгде адамдар болыпты. Ал тәртіп сақшысы бойжеткенмен бөлек тілдескен.

ӘБІЛҒАЗЫ АРТЫҚБАЙ, БҰРЫНҒЫ ТЕРГЕУШІ:

Жедел уәкіл екеуіміз қыздан мән-жайды сұрадық. Ол айтты, өзінің жігіті Шерхан екенін. Екеуі соңғы 3 айдан бері қыз бен жігіт болып қарым-қатынаста болғанын. «Осы үйге өз еркіңізбен келдіңіз бе? Қайдан келдіңіздер?» дегенде, «Алматы қаласынан, иә, өз еркіммен келдім», деді. Оқиғаның мән-жайын айтты.

Тілшілерге тіс жармайтын тергеуші сот залында осылай ағынан ақтарылды. Ол да түсінікті. Өйткені дәл осы істен кейін қызметінен қағылыпты. Ал жәбірленуші тарап Нұраймен болған әңгіменің бейнежазбасы үшті-күйлі жоқ екеніне ерекше назар аударды.

ӘБІЛҒАЗЫ АРТЫҚБАЙ, БҰРЫНҒЫ ТЕРГЕУШІ:

Ол күні оның қуаты сөніп қалған. Сондықтан біз тағулы тұрғаны, тұрмағаны есімде жоқ. Жалпы қуаты сөніп қалған. Тез сөніп қалады бізде.

Артынша айыпталушының әкесі Алмахан Аймаханұлы сөз алды. Ол да Нұрайдың үйге өз еркімен келгенін жеткізді. Алайда бұл мәлімдеме қарсы тараптың ашуын туғызды. Қызынан айырылып, жүрегі қан жылаған Бауыржан Сағымбек қайғылы жайтқа дейін айыпталушының ата-анасына ескерту жасағанын еске салды.

БАУЫРЖАН САҒЫМБЕК, МАРҚҰМ НҰРАЙДЫҢ ӘКЕСІ:

Ермахан екеуіміз екі жолықтық. Екі кафеде де сен уәде бердің. Біз құрдаспыз екеуіміз. «Менің балам сенің қызыңа жоламайды», дедің. Мен уәде берем дедің. Уәде бердің бе, берген жоқсың ба?

АЛМАХАН АЙМАХАНҰЛЫ, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ӘКЕСІ:

Бауыржан, мен сізге айтып берейін ол жайтты. Мен сізге айттым, айтып жатырмын дедім. Уәде берген жоқпын дедім. Бірақ тыңдап алсаңызшы. «Сезіміне мен жауап бермеймін» деп сізге көзіңіздіңше сүйтіп айтқам.

Бір-бірінің сөзін терістеген, өзара келіспеген жандардың айқайы тым қатты болды. Бірі баласын тия алмаған, екіншісі қызын жамандыққа қия алмаған. Күн ұзаққа созылған соттың соңғы нүктесі бүгін қойылмақ емес. Куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.

← Барлық жаңалықтар