Елімізде отандық тауарларды қаралауға бағытталған ақпараттық науқан болып жатыр. Үкімет отырысында Олжас Бектенов кәсіпкердің еңбегін негізсіз жамандап, қаңқу сөз таратып жүргендерді біраз сынға алды. Сонымен қатар, «Қазақстанда жасалған» брендімен шығатын өнімдерді барынша қолдауды тапсырды.
Енді азаматтар ауыл шаруашылығы жерін алу үшін жылдап жауаптылардың табалдырығын тоздырмайды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер беру рәсімі толықтай электрондық форматқа көшеді. Үкімет отырысында ведомство өкілі Азат Сұлтанов саладағы біршама өзгерісті жіпке тізді. Оның айтуынша, жаңа жүйеде жер комиссиясы болмайды. Оның орнына автоматтандырылған режим іске қосылып, процесс ашық жүргізілмек. Сондай-ақ жиында министрдің орынбасары қытайлық инвесторлармен жаңа жобаны қолға алғанын айтты.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Крахмал, аминқышқылдары, глютен, мал азығына арналған қоспалар және жоғары қосылған құны бар өзге де өнімдерді өндіруге бағытталған алты ірі жобамен қатар, «Алатау Сити» әкімшілігі қытайлық FullVision Capital компаниясымен бірлесіп майлы дақылдардан авиациялық отын өндіру жобасын пысықтауда.
Үкіметтегі отырыста ай сайын құны құбылып тұратын ет бағасы да сөз болды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қымбатшылыққа сұраныстың артуы және әлемдік нарықтағы жағдай әсер етіп отырғанын айтты. Дегенмен, ведомство өкілінің сөзінше, қазір нарықта ешқандай тапшылық жоқ.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Бағаның өсу себептері белгілі. Қазіргі уақытта етке деген жалпы сұраныстың өте жоғары екенін байқап отырмыз. Былтыр Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының сиыр етіне әлемдік тұтынуға қатысты деректерін зерделедік. Парсы шығанағындағы оқиғалар қой еті бағасының құбылмалылығына әсер етті. Дегенмен қазіргі кезде бағаның күрт ауытқуы байқалған жоқ. Бағалар расымен де өзгеріп тұрады, бірақ жалпы алғанда тұрақты және қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуде ешқандай іркіліс жоқ.
Үкімет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, кей кәсіпкерлер өз өнімдерін сауда орындарына шығаруда қиындықтарға тап болады. Олжас Бектенов жауапты министрліктерге бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығатын өнімдерді қолдауға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Премьер-министр отандық азық-түлік пен кондитерлік өнімдердің беделіне нұқсан келтіретін ақпараттық шабуылдарға жол бермеу керегін айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін.
Бұдан бөлек, Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерге қойылатын артық талаптардың азайтылатынын айтты. Үкімет басшысы кәсіпкерлердің өнімін өткізуіне және экспортқа шығаруына кедергі келтіретін шектеулерді қайта қарауды тапсырды. Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, барлық әкімшілік тосқауылдарды анықтап, оларды жою бойынша ұсыныс әзірлемек.