Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Ит қымбат па, бала қымбат па?

Алматы облысында үш итке таланып, құлағы жұлынған кішкентай Максимнің соты басталды. Айыпталушы ретінде қабаған иттердің қожайыны танылған. Ол ауылдың қақ ортасынан оңалту орталығын ашып, он шақты жануарды заңсыз асырапты. Онысы футбол алаңына тиіп тұр. Былтыр алаңсыз доп теуіп жүрген балаларға овчарка мен питбуль шабуыл жасаған еді. Қатарластары қашып үлгергенімен, 11 жасар Максим үш итпен жалғыз алысып, мүгедек болып қалды.

Екатерина Бурмистрованың бір жылы аурухана мен құзырлы органға қатынаумен өтуде. Аузы-мұрны тілініп, құлағы жұлынған, аяғы ақсап, беті тыртық баласын әлі емдетіп жүр. Қас қағым сәтте мүгедек еткен иттердің қожайынымен соттасуда. Бүгін қорқынышты күннің жай-жапсарын баяндап, көзіне жас алды. Ұлының үш хайуанмен арпалысып жатқанын көршісі телефонмен хабарлағанын айтады.

ЕКАТЕРИНА БУРМИСТРОВА, ЖӘБІРЛЕНГЕН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Балам футбол алаңының қақ ортасында қан-жоса болып жатыр екен. Маңына жолаудың өзі қорқынышты. Денесінің сау тамтығы қалмаған. Сан етін түгел жұлып алыпты. Дәрігерлер алғашында аяғын кесіп тастаймыз деген болжам айтты. Беті тілінген, құлағының жартысы жұлынған. Бір жыл өтсе де әлі қорқынышпен еске аламыз. Баламның емі содан бері үзілген жоқ.

Ал осыған дейін Максимнің жағдайын білмек түгілі, кешірім сұрап бармаған иттің қожайыны бүгін де өз хайуанын жақтап бақты. Тіпті өзіне шаң жуытпады. Бет-жүзін көрсетуге де қарсылық танытты. Баланың өмірінен иттің өліміне барынша алаңдаушылық білдірді. Оқиға футбол алаңында емес, оңалту орталығының ішінде болғанын айтады. Максим орталықтың құрылыс маңына құлап жарақаттанған деп айды аспанға шығарып отыр.

АЙЫПТАЛУШЫ:

Мен өзіме тағылған бірде-бір айыппен келіспеймін. Бұл кісілердің айтып отырғаны мүлдем дұрыс емес, өтірік. Бұл жағдай біздің қорғанның ішінде болған. Максимді Илья деген досы ішке итеріп жіберген. Ал ол жерде құрылыс жүріп жатыр. Ит ондай жарақат балаға жасауы мүмкін емес, құлаған кезде сол жерден алған.

Еске салайық, былтыр Жалпақсай ауылында футбол алаңында жүрген бір топ баланы қорғаннан атып шыққан үш бірдей ит қапты. Максим сүрініп құлап, екі овчарка мен бір питбульмен жалғыз алысқан болатын. Қайта, ауыл тұрғыны арашаға түсіп, екі итті сол жерде пышақтап өлтіргені бар. Кесірінен баланың беті тыртық, аяғы ақсақ, құлағы жұлынды. Әлі алда пластикалық түрлі операция күтіп тұр. Бірақ жасатуға отбасының қаражаты жоқ.

АРМАН ШӘРІПОВ, АДВОКАТ:

Міндетті түрде жасалатын отаға жәбірленуші тарапта ақша жоқ болғандықтан үш отаны өткізіп алдық. Сол отаны жасау үшін материалдық, моральдық залалды өндіру талап-арызын беріп отырмыз. Сотталушы тарап осы күнге дейін кешірім сұрап келмеген. Біздің талаптар ҚР ҚК 114-бабының 3-бөлігі бойынша толықтай кінәсі дәлелденіп, толықтай сотталсын деп талап етіп жатырмыз.

Жәбірленушілер моральдық және материалдық шығынға 14 млн теңге сұрапты. Оның бәрі Максимнің толық еміне жұмсалмақ. Тағы адвокат бір бала құлақсыз қалса да, нашақорлар мен ішімдікке салынған адамдарды емдейтін оңалту орталығы әлі де заңсыз оншақты ит ұстап отыр деп қынжылады. Ал кезінде ол ғимарат ауылдық мәдениет үйі болған. Енді келесі отырыста куәгерлерден жауап алынбақ.

← Барлық жаңалықтар