Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Инвесторлар сенімі күшейді

Қазақстанға деген шетелдік инвесторлардың сенімі артып келеді. Халықаралық Investing.com порталы жариялаған дерекке сүйенсек, еліміз көрсеткіш жағынан бірден 17 сатыға көтерілген. Нәтижесінде әлем бойынша 53-орынға тұрақтаған. Осылайша, Қазақстан ұзақ мерзімді инвестиция салуға қолайлы әрі сенімді мемлекеттердің бірі екенін тағы да дәлелдеді. Сарапшылардың айтуынша, әлемдегі үш жетекші агенттік осы бағыттағы жұмыстарға оң бағасын берген. Айта кету керек, биыл, яғни жарты жылдың өзінде шетелдік капитал ағыны айтарлықтай артқан. Мәселен, 6 айда ел экономикасына тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард долларды құрайды.

РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Бұл ауқымды рейтингте негізгі көрсеткіштер мен стресс-тестілеу нәтижелері ескеріледі. Стресс-тестілеу дегеніміз — елдің валюталық тұрақтылығы мен макроэкономикалық жағдайын бағалау. Екіншіден, бұған дейін тартылған инвестициялар көлемі де маңызды рөл атқарады. Ең бастысы — инфляция деңгейінің төмендеуі, экономиканың тұрақтылығы және ірі инвесторлардың болуы. Бұл өте маңызды рейтинг. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында шамамен 150 миллиард доллардан астам инвестиция тарта алды. Бұл — үлкен жетістік.

Мамандардың пікірінше, халықаралық инвесторлардың сенімінің артуы тұрақты түрде елімізге капиталдың келуіне жол ашады. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуына серпін беріп, экономиканың негізін қалайды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму жөніндегі есебінде Қазақстан 169 елдің ішінде 67-орынға жайғасып, Түркия, Сауд Арабиясы, Үндістан және Мексиканы артта қалдырған.

← Барлық жаңалықтар