Ел жатқанда жатпайтын, жұрттың бәрі мақтайтын бір кісі бар Түркістанда. Ешкімге үйіп-төгіп уәде бермейді, ешкімнің назарын аударғысы да келмейді. Бірақ дәл осы жан — құрметке лайықтылардың бірі. Өйткені сол кісінің арқасында айнала тап-тұйнақтай болып тұрады. Төле би ауданының көшелерін тазалап жүрген Райхан Мәтібаева үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. 11 жыл бойғы еңбек жолы туралы кейіпкеріміз өзі айтып берсін.
Ел ұйқыда жатқанда Райхан Мәтібаева жұмыста жүреді. Коммуналдық кәсіпорында еңбек еткеніне 11 жыл болған. Өз ісін бес саусағындай біледі. Күнде көшені тазалап, гүлдерді баптап, ондаған шақырымды жаяу өткереді.
РАЙХАН МӘТІБАЕВА, КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:
Таңда 4-терде шығамын, потому что күн ыстық, давлением бар. Сол үшін ерте шығам, ерте қайтам. Әр жұмыстың ауыртпашылығы болады, бірақ шыдау керек ғой.
Мамыр айы Райхан апа үшін қауырт болды. Әріптестерімен бірге Түркістанда болып, маңызды саммиттің өтуіне үлес қосты. Шетелдік қонақтар болатын нысандардың, көшелердің тазалығына жауапты болды. Ұзақ жылғы мінсіз еңбегі еленіп, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бұл апайымыздың осы жұмысқа деген өзінің жауапкершілігін ескере отырып, біз осындай мемлекеттік наградаға ұсынған болатынбыз. Награда комиссиясы қолдап, осындай үлкен награданы, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденін алып отыр. Біз өте қуаныштымыз, біздің жерлесіміз.
Райхан апа — отбасының ұйытқысы. Балалары үшін мейірімді ана. Жұмыстан соң үйдегілер дастарқан басына жиналып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруды әдет қылған.
РАЙХАН МӘТІБАЕВА, КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:
Бұл марапат жалғыз менікі емес, бұл барлық ұжымның атына. Ұжым атына да байланысты. Марапат жастарға үлгі болады деп ойлаймын.
Жұмысшы болғаны үшін Райхан апа бір сәт те өкінбепті. Бәлкім, тындырған ісі көптің назарына іліне бермейтін шығар. Бірақ дәл осындай жандардың арқасында айнадай таза ауыл мен қалада өмір сүріп жатырмыз.