Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Саяси бәйгенің салмағы арта түсті

Саяси бәйгенің салмағы арта түсті. Тұғырнамасын ту қылып ұстаған партиялар аймақтарды аралап жүр. Жұмыс кестесі тығыз. Бірі ауыл еңбеккерлерімен кездессе, енді бір тобы шаһар тұрғындарының түйткілдерін түріп отыр. Барлығы да сайлаушылардың қолдауына ие болғысы келеді.

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы бүгін Сыр өңірінде. Кандидаттар Қызылордадағы жаңадан бой көтерген бу-газ жылу электр орталығына аялдап, сала мамандарымен және ардагерлерімен жүздесті. Басқосуда шаһардың инфрақұрылымын тиімді жаңарту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ партия өкілдері «Өнер орталығына» да бас сұқты. Жиналғандар мәдениет саласындағы мәселелерді ортаға салып, ашық пікір алмасты. Штаб мүшелері партия бағдарламасындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, жоспарларын жіпке тізді.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

«Әділет» партиясының бағдарламасының бір ерекшелігі, ол электронды түрде барлығына қолжетімді. Және сонымен қатар партияның сайтында нақты бағдарламада көрсетілген көрсеткіштердің орындалу бақылау тетігі онлайн жүргізіліп тұратын болады. Сонымен бірге «Әділет» партиясының жаңа платформасы бар. Сол платформаға да азаматтардан көп ұсыныстар келіп түсіп жатыр.

Қазақстан Халық Партиясының өкілдері еліміздің шығысын шарлап жүр. Риддер қаласында жол-құрылыс мекемесінің ұжымымен кездесті. Саяси ұйым үшін адам құқығының қорғалуы басты назарда. Қарапайым жұмысшылармен жүздесу барысында өндірістегі техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы, кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі туралы әңгіме өрбітті. Жиынға келген тұрғындар транспорттық және әлеуметтік инфрақұрылым сапасын арттырып, шағын қалаларды дамытуға ден қойылса деген ұсыныстарын жеткізді.

ЛӘЗЗАТ СҮЛЕЙМЕН, ҚХП АТЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Белсенді кездесу өтті және азаматтар, әсіресе әйелдер, өте өзекті мәселелерді қозғады. Бұл жерде өте өзекті көтерілген мәселелердің бірі — өндірістік қауіпсіздікті қорғау, жай азаматтардың үйлеріне, бала-шағасына аман-есен келуін мемлекет тарапынан, жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз ету мәселесі.

Ал Respublica партиясы Тараздағы бірнеше өндіріс ошағында болып қайтты. Алдымен көне шаһардағы металлургия зауытына барып, еңбеккерлермен пікір алмасса, кейін құс етін өңдеу кәсіпорнының ұжымымен жүздесті. Құрылтай депутаттығына үміткерлер денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамытуға бағытталған бастамаларын алға тартты. Саяси жиын кезінде сайлаушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

ОЛЖАС ҚҰСБЕКОВ, RESPUBLICA ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халық өте белсенді. Халықтың үкіметке сенімі үлкен, артқан. Конституциялық өзгеріс болды, одан кейін қазір Құрылтай сайлауы бар. Соған үлкен сенімдері бар. Кандидаттарға арқалатып жатқан үлкен аманаттары бар. Соны біз халықпен кездесіп, өзімізге жинап, осы халықтың ертеңгі мұң-мұқтажын Құрылтайдың мінберінде талқылап, шешімін іздеуге тырысамыз.

← Барлық жаңалықтар