Астананың халқы Аршалыдан аққан сарқын суды ішіп отыр. Тұрғындар осылай дейді. Өйткені кәріз қалдығын тазалайтын орталық істен шығып, жағалай жайылған нәжіс қар суымен Есілге құйылып жатқан көрінеді. Жылда көктемдегі жағдай осы. Ал жаз бойы сасық иістен тұтас ауданның халқы тұншығып әлек.
Тұтас елдің денсаулығын ойлап, шыр-пыр болған Еленадан басқа ешкім жоқ мұнда. Жоғарыдан пәрмен келмесе, жылы орнын тастап, жұртпен жүздеспейтін атқамінерлер де қараусыз ғимаратқа аяқ баспайды екен. Өйткені құрылысына 1,3 миллиард теңге бөлініп, кәріз суын тазалауы тиіс орталық қызметін біржола тоқтатқан.
ВИНОГРАДОВА ЕЛЕНА, ӘКІМДІК ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУЫМДАСТЫҚ ХАТШЫСЫ:
Бұл көп үміт күттірген миллиардтық жоба болатын. Тіпті өңделген суды ішуге болады деп уәде еткен. 2016 жылы салынып біткен орталық кемшіліктерге байланысты коммуналдық мекеменің теңгеріміне қабылданбады. Содан бері тұр. Барлық ауылдың қалдығы осында келіп құяды. Резервуарлар толды. Былтыр әкімдік өкілдері инвестор табылды, қалпына келтіреміз деген еді. Бірақ бәрі баяғы.
2013 жылы жобасы басталып, қарашаның қажетіне жарауы тиіс ғимараттың ішкі көрінісі осы. Бүгінде құстардың мекеніне айналған. Сарқын суды құйып, тазалауы тиіс орталықтың қазіргі сиқы осындай. Қабырғалары қақырап, техникасының барлығы талан-таражға түскен. Тұрғындардың айтуынша, бұл орталық 2016 жылы 2 жылға ғана жұмыс істепті. Яки, мердігердің кепілдігі біткенше, есегі судан өткенше қызмет атқарған. Алайда содан бері қараусыз тұр. Қайта өңдеуден өтпеген кәріз суы ернеуінен асып, ен далаға жайылып жатыр. Қолқаны қапқан иістен тұрғындар да әбден мезі болған.
КЛАРА СЫЗДЫҚОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Көктем келгенде мына жерге барлық су жиналады. Даладағы су жиналады. Мынау су көтеріледі. Мына судан иіс шығып кетеді. Осы жердің тұрғындары не есік аша алмайды, не терезе аша алмайды. Осындай жағдайға келдік. Мына жаман су бәрі жиналып, осы Есілге барады. Есілдегі су Астанаға кетеді. Астана осы суды ішіп жатыр.
Тұрғындар Есілдің суы деп екпін салғанда, естерін жиған экологияға жауаптылар дәл бүгін судың сынамасын алып, Астанаға аттаныпты. Бас қалада жүрсе де тілшілерден қашпаған ханым тұрғындардың сөзін теріске шығарды.
МЕЙРАМГҮЛ РАМАЗАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗЕРТХАНАЛЫҚ-ТАЛДАМАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ СЫНАҚ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Нәжіс суы Есіл өзеніне құйылып жатыр деген әңгіме жалған. Өйткені орталық өзеннен екі шақырым қашықтықта жатыр. Ал сарқын суды зерттеу қорытындысы 5-7 күннің ішінде белгілі болады. Соған сай жауапты мекемелер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ал сұрамсақ шенділер құрдымға кеткен құрылысты қалпына келтіру үшін бюджетке қайтадан қол жайып отыр. Тағы бір айтқаны, миллиардтаған қаржыға салынған орталық тек бір ай ғана жұмыс істепті.
ХАКИМ БАРЛЫБАЙ, «АРШАЛЫ СУ – 2030» КОМУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:
Басында өз күшімізбен сарқын суды аумақтан шығармауға тырыстық. Қазір қолдан келер қайран жоқ. Менің естуімше, 2019 жылы құрылысы аяқталып, тек бір ай ғана жұмыс істеген. Жаңадан ашылған кезде электр желісіне қарызы көп болған. Бұл жаңа ғимарат болғаннан кейін 5 жыл өтпейінше әкімдіктен ақша сұрай алмай келдік. Қазір әкімдіктің тарапынан қаржыландыруды күтіп отырмыз.
Әкімдік өкілдері болса осыдан екі жыл бұрын жаңа жобаны қолға алыпты. Бірақ оның нақты қашан іске асары белгісіз. «Ал бұған дейін бөлінген миллиардтар қайда кетті» деген сұрақты бөлім басшысынан сұрадық.
АСЫЛБЕК САПАРБАЕВ, АРШАЛЫ АУДАНЫ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ:
Сұрауы болу керек қой салынғаннан кейін. Ақша бөлінгеннен кейін мемлекет есебінен. Ондай сұрау болды ма сіздердің тараптарыңыздан? Бізде қазіргі таңда толықтай ақпарат қалған жоқ. Мүмкін ол архивқа тапсырылған шығар. Сондықтан қазір толық ақпарат бізде жоқ. 2024 жылы бізде жоба дайындаушылармен келісім-шартқа отырғанбыз. 2025-те ақша бөлініп, жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілген.
Білдей бір бөлім басшысының айтуынша, ғимаратты салуға жұмсалған 1,3 миллиард теңгенің не желге ұшқаны, не біреулердің ұртын майлағаны беймәлім. Ал жаңадан келген шенділер тағы 2 миллиард теңгеге тірлігі тұралаған нысанды қалпына келтірмек. Алайда атқамінерлер сөзден іске көшкенше, Аршалыдағы ашынған ағайын әлі қанша сасық иіспен демалары белгісіз.