Петропавлда көпқабатты үйдің ауласы дауға айналды. Тұрғындар бұрын көлік қойып жүрген жерлерінің жекеменшікке бес жыл бұрын өтіп кеткенін жуырда ғана білген. Жер иелері оны қоршап, машина қоюға тыйым салыпты. Енді соның кесірінен аулаға не жедел жәрдем, не арнайы техника кіре алмай қалған. Және осы аумақтан орталық коммуникациялық желі өтетін көрінеді. Егер оған зақым келсе, тұрғындар жарықсыз, қыста жылусыз қаламыз ба деп қорқады.
ЛЮДМИЛА ШИЛКИНА, ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Бұл жерден көрші ғимаратқа жарық беретін кабель өтеді. Егер апат бола қалған жағдайда арнайы техника келіп жөндемек түгілі, аулаға да кіре алмай қалады ғой. Кеше ғана мұнда жедел жәрдем де өте алмай, дәрігерлер науқасқа жаяу барды.
Бес жыл бұрын әлдекімдер бұл маңға жер үй саламыз деп алған екен, алайда әкімдік оған рұқсат бермей қойыпты. Ал қаланың бас жоспарына сай бұл учаскеде 7 қабаттық зәулім үй тұрғызылады деп көрсетілген.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бұл жер телімінде қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмеген. Қазір әкімдік қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топ сол учаскені барып зерттейді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, шара қолданатын боламыз.