Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Қазақстандық броньды көліктерге сұраныс артуда

Елімізде әскери техника өндірісі қарқын алып келеді. Астанадағы броньды көлік шығаратын зауыт толық өндірістік циклмен жұмыс істейді. Кәсіпорынға барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өндіріс барысымен танысты. Өндірілген көліктерге шетелдік тапсырыс берушілер де қызығушылық танытып отыр.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Орталық Азиядағы ең ірі әскери техника зауытында бронекапсула құрастырудан бастап сынақтан өткізуге дейінгі толық цикл жүзеге асады. Бүгін өндіріс ошағына арнайы келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпорынның жұмыс орнымен және жаңа отандық жобалармен танысты.

Кездесу барысында зауыт басшылығы Нұрлыбек Нәлібаевқа отандық қорғаныс өнеркәсібінің жаңа мүмкіндіктері мен заманауи броньды көліктерді таныстырды. Атап айтсақ, мұнда «Арлан», «Алан-2» және «Барыс» сияқты әскери машиналар шығарылады. Кәсіпорын іске қосылғалы мұнда 400-ден астам техника жасап шығарылған. Сондай-ақ зауытта қазақстандық 100-ден астам инженер еңбек ететін жеке конструкторлық бюро жұмыс істейді. Елордада құрастырылып жатқан әскери транспортқа шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр екен.

ТӨЛЕНДІ ЖҰРТБАЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Жалпы біздің негізгі тұтынушымыз өзіміздің ішкі күштік құрылымдар. Жалпы шетелдік тапсырысқа байланысты қарым-қатынас, келісімдер жүріп жатыр. Нақты шартқа келген жоқ, бірақ қызығушылығы өте жоғары.

Техниканың сенімділігі тек қағаз жүзінде емес, тәжірибеде де дәлелденген. Қарулы күштер сапында 10 жылдан астам уақыт қарқынды пайдаланылған броньды машиналарда бірде-бір күрделі ақау тіркелмеген. Олар, тіпті, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясында да сәтті сынақтан өтті.

ОЛЖАСБЕК ҚАРТҚҰЖАҚОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл техниканың басты ерекшелігі – біздің кең-байтақ далада жүріп қана қоймай, суда да жүзе алатынында. Бұл – оның негізгі артықшылығы. Біз оны өткен жылдан бері әртүрлі ауа райында сынақтан өткізіп келеміз. Барлық сынақтан оң нәтиже көрсетті. Қазір техника сериялық өндіріске шығарылған жоқ. Енді тапсырыс берушілермен алдын ала келісімдер жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта зауыт өнім түрлерін көбейтіп, жаңа жобаларды іске асырмақ. Сондай-ақ отандық мамандардың біліктілігін арттырып, өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

← Барлық жаңалықтар