Ақтөбенің полицейлері автобустарды шетінен тексеріп жатыр. Әсіресе оқушыларды тасымалдайтын көліктер басты назарда. Қаз-қатар тізіп қойып, бір-бірлеп қарап шықты. Ондағы мақсат — балалардың діттеген жеріне аман-есен жетуін қамтамасыз ету. Бұл — оқу жылы алдындағы қалыптасқан үрдіс. Мектептің меншігіндегі автобустармен бірге жалға берілген жеке автобустарды да мұқият қадағалайды. Балалар мінген көлік ыңғайлы ма, дәрі-дәрмек салған қобдишасы, арнайы белгілері бар ма, құрылғылары жұмыс істеп тұр ма — осының бәрін тәртіп сақшылары тексеріп жүр.
АРДАНА САЙМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Міндетті түрде әр күні таңертең медициналық тексеруден өтуі керек, барлық құжаттары, санаттары сай келуі керек. Балаларды тасымалдайтындықтан, кішкентай баланың қырағылығы болмайды. Қандай да бір өрескел бұзушылықтарға жол бермеуі керек. Соның барлығы тексеріліп, содан соң ұйғарым береміз. Бір аптаның ішінде сол ұйғарым бойынша анықталған кемшіліктерді жоюы керек болады.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасарымен кездесу кезінде автобус жүргізушілері де өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мысалы, мектеп маңындағы жолайрықта бағдаршам тұр, енді сол маңға бейнебақылау камерасын да қойса екен дейді. Бұл өзге жүргізушілердің жылдамдықты асырмауын қадағалауға қажет екен. Жалпы, жыл басталғалы балаларға қатысы бар 279 жол-көлік апаты болған. 4 бала қаза тауып, 331-і әртүрлі жарақат алған. Сондықтан тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолда мұқият болуды тағы да ескертті.
ЕЛЕМЕС ӘБДІРАХМАНОВ, МЕКТЕП АВТОБУСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Жұмыс істегеніме мектепте төртінші жылға кетті. Жетіден жиырма минут кеткенде шығамыз, өзінің точкалары бар, балаларды алып кетем, сағат сегізге он қалғанда балаларды әкеліп болу керек. Біздікі — қауіпсіздік: балаларды үйлеріне жеткізіп аман-сау, сосын үйлеріне апару.