Жылда тасқынның астында қалатын Қызылжар жұрты жаңа пәтерлеріне жайғасты. Көктем сайын лай су, батпақ кешуден көз ашпайтын Заречное ықшамауданындағы ағайынды орталыққа көшірудің екінші кезеңі басталды. Бұл жолы 72 пәтерлік үйдің кілттері бұқараның қолына табысталып, жұрт мәре-сәре.
Петропавлдық Уәзипа Уваисова өз көзіне өзі сенер емес. Су жаңа пәтердің кілтін армандағалы қашан. Енді, міне, 30 жыл бойғы уайымы артта қалып, әйел қоныс тойының қамына кіріспекші.
УӘЗИПА УВАИСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бұрын Заречное кентінде тұратынбыз, су басатын. Жылда қорқыныш болатын су басып, енді, міне, жақсы үйде тұрып, қорықпайтын боламыз. Қоныстар құтты болсын, жақсы өмір сүрейік.
Уәзипаның көршісі Евгения Шелуткованың да қуанышында шек жоқ. Пәтерін аралап, қай жиһаздың қайда тұратынын бағамдап жүр.
ЕВГЕНИЯ ШЕЛУТКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жыл сайын көктемде елеңдеп отырушы едік. Биыл Есіл өзені қалай тасиды деп. 2017 жылы үйім су астында қалды. Оны әупірімдеп жүріп жөндеп едік, 2024 жылы тағы басты да, баспана шіри бастады. Жертөледе су толып тұратын, жарық сөніп қала беретін.
Кейіпкеріміз айтқан 2017 және 2024 жылғы тасқын Заречное ықшамауданы халқы үшін шынымен де оңай болған жоқ. Жер үйлер тұрмақ, көпқабатты баспана тұрғындары пәтерлерінен шыға алмай қалған еді. Ықшамаудан халқын орталыққа көшіру туралы әкімдік шешімінен соң алғашқы 90 пәтерлік үй салынып, ол пайдалануға берілген еді. Енді, міне, тағы 72 тұрғын қоныс тойын тойламақшы.
СЕРІК МУХАМЕДИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Үшінші этап бойынша тағы бір үй салынады. Келесі жылы тапсырамыз. Ол да 22 пәтерлік үй болады. Көшетіндер 266 үй бар Заречное поселогында. Көшпейтіндер — 11. Тапсырылғандар — 90 тапсырылды. Енді, міне, 72.
Жыл сайын аралда қалғандай күй кешетін ықшамауданда жер үйлер мен барактар бірінші кезекте сүрілмекші. Ал үш қабатты баспана әзірге қала бермек. Заречное тұрғындары үшін бұл тек жаңа қоныс емес. Жылдың керемет мезгілі көктемді үреймен емес, үмітпен қарсы алуға мүмкіндік берген жаңа өмір.