Ғылым және жоғары білім министрлігі ел университеттеріндегі оқу ақысының шамадан тыс өспеуі үшін ректорлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жайында ведомство басшысы Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік оқу ақысының өсімі 10–15%-дан аспауы үшін жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп, тариф деңгейін тежеп тұр екен. Мемлекет те жоғары білім алуға қолайлы жағдай жасауды ерекше қадағалайды. Сондай-ақ министр елімізде грант саны артқанын, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жүйесі іске қосылғанын еске салды. Сөз орайына қарай айта кетейік, еліміздегі университеттерде білім бағдарламасына қарай оқу құны жылына 600 мың теңге мен 4 миллион теңгенің арасында.