Жастық шағын медицина жолына арнап, көз майын тауысып білім алатын студенттер үшін жағымды жаңалық. Енді олардың оқу мерзімі 5-6 жыл төңірегінде қысқаруы мүмкін. Ал соңғы курстардағы интернатура толыққанды клиникалық практикаға арналады. Яғни дап-дайын жас мамандар арнайы тәлімгердің қол астында біліктілігін шыңдайды. Жауаптылар осы арқылы аймақтағы кадр тапшылығын шешуді көздейді. Алайда негізгі мақсат интернатураны бір жүйеге келтіру. Мәселен, соңғы курстағы жас мамандар дәрігерлер сияқты еңбек тәртібін алады. Сондай-ақ медициналық цифрлық жүйелерде емін-еркін ақпарат алу мүмкіндігі беріледі. Бірақ әзірге бұл тек жоба ғана. Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына шығарылды. Жоба 3 қыркүйекке дейін қоғам талқысында болады. Ал тәртіп бекітілсе, 2027 жылғы оқу маусымынан бастап ақ халаттылар жаңа ереже бойынша білім алады.