Жетпіс жаста да жас көрінуге болады. Аурудан ада, әжімнен аулақ болып қана қоймай, спортпен шұғылданып, тіпті сұлулық байқауының бас жүлдесін қанжығалау да қиын емес. Алматылық кейуана осының дәлелі. Қимылы ширақ, ажарының әрі кетпеген әдемі әжей гимнастиканы серік етіп, ас-суына аса ұқыптылық танытады.
Раиса Шынасыл күнде таңғы төртте осы саябаққа келеді. Денесін шынықтырып, түрлі жаттығу жасайды. Әр қимылын көріп, жасы жетпісте екеніне сену қиын. Себебі буыны жұмсарып, денесі майысып, тіпті шпагатқа отырады. Бес жыл бұрын қан қысымы көтеріліп, салмағы да жоғары болған. Содан кейін спортты қолға алыпты.
РАИСА ШЫНАСЫЛ, «МИССИС ҚАЗАҚСТАН-2026» ЖҮЛДЕГЕРІ:
Мен дамимын. Ешқандай уақытымды жібермеуім керек. Неге десеңдер, осы уақытқа дейін туған дедім, туысқан дедім, бала дедім. Бүкіл уақытымды туысқандарға арнадым. Денсаулығың болмаса, туысқан да, ешкім де сенің қасыңа келмейді. Менің салмағым бұрын 62 келі болды. Бір ай жүгіргеннен кейін мен 12 келі тастадым. Қазір, міне, бес жыл болды 50 келіні ұстап тұрмын.
Жастығымда күйбең тірлікпен денсаулығыма көңіл бөлмедім дейді Раиса Шынасыл. Бүгінде үш бала тәрбиелеп, екі немере сүйіп отыр. Өзінің мамандығы инженер. Спорт оған қосымша табыс әкеліп тұрады. Өйткені қазір әлеуметтік желіде белсенді блогер, мотиватор. Табиғи сұлулығын да жоғалтпаған.
РАИСА ШЫНАСЫЛ, «МИССИС ҚАЗАҚСТАН-2026» ЖҮЛДЕГЕРІ:
53 жасымда машина жүргізуді үйрендім. Немерем дүниеге келгеннен кейін машина үйрендім, жүзуді үйрендім. Содан кейін біздің пенсия өте аз. Ол жетпейді. Балалардың өзінің өмірі бар. Содан кейін мен 66 жасымда актерскийді бітірдім. Массовкаға бардым, киноға түстім, рекламаға түстім, Димашпен бірге клипке түстім. Шашымның ағынан, әдеміліктен көп жерде рекламада жүрмін. Мен өте бақытты адаммын.
Ата-анасының көз алдында қартайғанын, аурушаң екенін біліп, спортқа жетектеген қызы Айгүл Шынасыл. Күн сайын уақытылы тамағы мен дене шынықтыруын қатаң бақылайды. Тәртіп бар жерде адам дамиды дейді. Түрлі кітаптар әкеліп, сайыстарға да қатыстырып жүр. Биыл өткен «Миссис Қазақстан — 2026» байқауының Раиса Шынасыл жеңімпазы.
АЙГҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ:
Мен анамның қартайғанына көне алмадым. Ең әуелі арманын сұрадым. Сөйтсем, жастығында модель болғысы келген. Онда әлі кеш емес, бес жылға жоспар құрайық, әкем екеуіңіз 47 жылдық күнделікті өмір салтын түгел өзгертеміз дедім. Сөйтіп спортты бастадық. Қазір түрлі жерден шақырту аламыз. Өмірі де, денсаулығы да түбегейлі жақсарды. Мен тек қолдау көрсетемін анама.
Осылайша, әдемілікке жас шектеу емес екенін Раиса Шынасыл дәлелдеп жүр. Жүгіруге ерінбей, өзі секілді апаларға денсаулық пен сұлулық үшін күресуге шақырды.