Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 2 қаралым

Үкімет екі бірдей ұлттық жобаны сәтті аяқтады

Ел Үкіметі екі бірдей ауқымды бағдарламаны сәтті жүзеге асырды. Ұлттық жобаның бірі — «Келешек мектептері». Үш жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған еді. Осы уақыт аралығында еліміздің әр түкпірінде 217 нысан бой көтерген екен. Тың форматтағы білім ошақтары 460 мың оқушыны қамтып үлгерген. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілсе, 100-ден аса білім ордасында орын тапшылығы азайды. Ауылдық жерлерге де басымдық берілді. Онда жаңа үлгідегі 84 мектеп салынып, 130 мыңнан астам ауыл баласы заманауи және жайлы ғимаратқа қол жеткізді.

АЙҚОЖА ӘБСАДЫҚОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа форматтағы мектептердің басты артықшылығы — білім беру кеңістігін заманауи ұйымдастыру. «Келешек мектептерінің» ауданы бұрынғы типтік жобалар бойынша салынған мектептерден орта есеппен алғанда 15-20%-ға ұлғайтылды. Ал техникалық жабдықтау деңгейі 4 еседен астам жоғары. Мектептер заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен, шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін толық жарақтандырылған әмбебап шеберханалармен, студиялармен және бастауыш кәсіптік оқыту кабинеттерімен жабдықталған.

Ал екінші жоба — «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы. Оның шеңберінде 260 медициналық пункттің, 235 фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталған. Нәтижесінде 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны сапалы ем-дом қабылдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ шағын елді мекендердегі жаңғыртылған нысандарда жұмыс істеу үшін 1100 медицина маманы даярланды.

← Барлық жаңалықтар