Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

ТМД елдерінің еріктілері Астанада жүр

Астанада ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер бас қосты. Олар елордаға жайдан-жай емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған халықаралық форумға арнайы келді. Жиынның салтанатты ашылуында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алдымен ел Президентінің құттықтауын жеткізді. Мемлекет басшысы волонтерлікті жай ғана көмек емес, қоғамды өзгертетін қуатты күш деп атап өтті. Бұған елдегі еріктілер санының 300 мыңға жуықтауының өзі дәлел.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл форум мемлекеттеріміз арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып, халықтар арасындағы байланыстарды, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Басты мақсат — ТМД аумағын жасампаздық пен прогресс, бірлік пен өзара түсіністік кеңістігіне айналдыру. Барлық волонтерге әлемді жақсы жаққа өзгертуге деген ұмтылыстары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Форум қатысушыларына жемісті жұмыс және үлкен ортақ жетістіктер тілеймін!

Форумда мемлекеттік органдар мен волонтерлік ұйымдардың өкілі, сондай-ақ белсенді еріктілер, жалпы 300-ге жуық делегат бас қосып, панельдік сессиялар мен пікірталастар өткізіп, елге үлгі боларлық озық тәжірибелерін ортаға салады. Мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау секілді бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

ТЕМІРЛАН ЖОЛДЫБАЙ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ВОЛОНТЕРІ:

2026 жыл волонтерлердің халықаралық жылы болып Қазақстанның бастауымен жарияланды. Әртүрлі елдерде әртүрлі делегаттар келіп жатыр бүгінгі форумға. Одан бөлек Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен өңірлерде түрлі гранттар пайда болып жатыр волонтерлерге. Жаңа салаларды дамыту үшін. Мысалы, егер эковолонтерлік қазір дамыса, оған қоса этноволонтерлік те қосылып жатыр.

ШИРИН АБИДОВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАСТАР ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Биылғы жылды жай ғана кезекті жыл емес, Еріктілер жылы ретінде атап өтіп отырмыз. Расымен, волонтерлердің арқасында әлеміміз мейірімді, таза әрі жақсы бола түсуде. Бүгінгі алаң осындай қамқор жандарды біріктіріп, маңызды бастамаларды талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ Ассамблеясы сияқты жаһандық деңгейдегі алаңда волонтерлік бастаманы көтеруі еріктіліктің маңызы зор екенін көрсетті.

← Барлық жаңалықтар