Жамбылда жарты ғасырдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген жол жаңарып келеді. Жол азабын тартқан тоғыз жолдың торабындағы тұрғындар кедір-бұдыр трассаның сүріліп, жөні түзу асфальт төселіп жатқанына қуанышты. Өйткені Шу халқы көлігіне жөндеу жасап әбден шаршаған. Темір тұлпарларын қалыпқа келтіруге ай сайын 30-40 мың теңге жұмсайтын тұрғындар былтыр басталған жұмыстың тезірек аяқталғанын қалайды. Шу мен Қордай аудандарын жалғайтын трассаның 50 пайызының жөнделуі жолдағы жүрісті әжептеуір жеңілдетті дейді жұрт.
АМАНГЕЛДІ РЫСБЕК, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:
Жасалып жатқан жол қарқынды жасалып жатыр. Алдында шұқыр-шұқыр еді. Барлық ақшамыз көлігімізге кететін. Қазір жолымыздың 50 пайызы жөнделіп жатыр. Енді жолдың бітуін асыға күтеміз.
«ҚазАвтоЖол» 56 шақырым күре жолды келер жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша бірнеше жылдан бері тақтайдай тегіс трассаны күткен жұрттың тілегі орындалмақ. Қазір бұл аралықты кемінде бір жарым сағатта жүріп өтетін жүргізушілер келесі жылы межелі жерге небәрі жарты сағатта жетпек.
ДӘУРЕН ӘМІРЕНОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірінші мердігер компания «Цинь-цинь» 21 шақырымды асфальттауда. Ал екінші Шымкенттік компания 35 шақырымда жұмыстар жасауда. Жұмыстар 2025 жылы басталды. 2027 жылы аяқталады.