Талдықорғанда талай жыл үй кезегінде тұрған 51 отбасы баспаналы болды.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына бақытты отбасылардың жақындары мен таныстары жиналыпты. Бұл жаңалыққа әсіресе балалар мәз. Жаңа оқу жылы қарсаңында олар өз бөлмелерінің болатынына дән риза.
ӘСЕМ НҰРБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Бүгін менің көптен күткен арманым орындалып жатыр. Баспанама қол жеткізіп отырмын. Бес балам бар. Үлкендері өсіп кетті. Екі кішкентайыммен екі бөлмелі пәтер алып жатырмын. Қуанышымда шек жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы Алмасай ауылының тұрғындары да қоныс тойын жасап жатыр. Бұл елді мекенде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлер иелеріне берілді. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, Ұлан ауданының 9 ауылында жалпы саны 62 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Баспана кезекте тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестіріледі.
Гүлмира Тасболатқызы