Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 20 қаралым

Атыраудағы мұнай зауыты өртенді

Атырауда төтенше жағдай болды. Қаладағы мұнай өңдеу зауытынан өрт шығып, будақтаған қою түтін бұқараның зәресін алды. Кәсіпорын маңындағы маздаған қызыл жалынның видеолары әлеуметтік желіде тарап жатыр. Тілсіз жаумен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жұмылдырылған. Ведомствоның мәліметінше, жедел штаб құрылып, өрт сөндіру-құтқару қызметінен 65 адам мен 19 техника тартылыпты. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. Бұған қатысты мекеме басшылығы да мәлімдеме жасады.

АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ, ЖШС-НІҢ РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІ:

25 тамызда сағат 12:35-те зауыттың жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында мұнай шламы тұтанды. Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Зардап шеккендер жоқ. Зауыт штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

Айта кетейін, Атырау мұнай өңдеу зауыты елдегі жетекші өндіріс ошағының үштігіне кіреді. Акцияларының 99 пайызы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Кәсіпорын жылына 5,5 миллион тонна мұнай өңдейді.

← Барлық жаңалықтар