Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 3 қаралым

Таразда жаңа сарай салынады

Әдетте Әулиеатада концерт болса, зал лық толады! Ал танымал әзілкештер сахнаға шықса, көрерменге орын жетпей қалып жатады. Енді Тараздағы бұл түйткілдің де түйіні тарқамақ. Өйткені қалада 1 300 орындық алып Салтанат сарайының құрылысы басталды. Құны 18,5 миллиард теңгеге бағаланған заманауи кешен аймақтағы ең ірі мәдени нысандардың біріне айналмақ. Аталған жоба өнерпаздар мен жас таланттарға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің мәдени тынысын кеңейтпек. Жаңа кешенде концерттік шаралармен қатар шығармашылық үйірмелер өткізуге барлық жағдай жасалып отыр.

АСЫЛХАН ШҮҢІРЕКОВ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:

Бұл біз, өнер азаматтары үшін қуаныш. Осы ғимараттан әлі де небір таланттардың жұлдызы жанатыны бізге белгілі. Осы құрылыстың сәтті аяқталуын және оның берекелі болып, ортамызда қызмет етуін біз қуанышпен күтеміз.

Салтанат сарайының жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді қамтиды. Ғимарат ішінде көрермен залынан бастап, баспасөз орталығы, конференция және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталады. Осылайша көпшілік көп күткен ғимарат 2028 жылдың көктемінде ел игілігіне берілмек.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Бұл нысан қаланың мәдени деңгейін жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға өнер мен мәдениеттің озық үлгісін тамашалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл нысан балалар мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер кеңістігіне айналуға тиіс.

Дәурен Доғдырбай

← Барлық жаңалықтар