Елімізде 10 сотық жер алу үшін 4 миллионнан астам азамат кезекте тұр. Заңға сәйкес, жер телімі тегін беріледі. Алайда учаскеде су, электр желісі секілді қажетті коммуникациялар болуы шарт. Жауаптылар кезектің баяу жылжуын дайын аумақтың тапшылығымен және инфрақұрылым тартуға қаржының жетіспеушілігімен түсіндіреді. Соған қарамастан, жыл сайын шамамен 20 мың қазақстандық тегін жерге қол жеткізеді екен. Талап бойынша, азаматтар кемінде 3 жыл ішінде үй салуы қажет. Бұл шарт орындалмаса, жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Өтініш берушілер саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Мұнда 1 миллионға жуық адам кезекте тұр. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 500 мыңнан асса, Ақмола облысында 400 мыңға жуық азамат жер телімін күтуде.