Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Президент бірқатар өңірдегі білім сапасын сынға алды

Түркістан облысындағы білім сапасы төмен. Мұны бүгін Президенттің өзі айтты. Тамыз конференциясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы аталған аймақтың оқу-ағарту жүйесінде ағаттық барын мәлімдеп, тағы төрт өңірдегі көңіл көншітпейтін көрсеткішке тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы кадр тапшылығын да тілге тиек етіп, Үкіметке жаңа тапсырмалар берді.

Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстары. Дәл осы өңірлердегі білім сапасын Президент бүгін сынға алды. Астанада өткен педагогтердің Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижесіне тоқталды. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Бірақ бірқатар өңірде сапа жағы ақсап тұр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл — аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз.

Жиында білім саласының біраз түйткілі Президент назарынан тыс қалған жоқ. Кадр тапшылығы, педагогтердің біліктілігі, жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі де қамтылды. Ал ең бастысы, әр балаға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау, — деді Мемлекет басшысы. Сондықтан қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандар тартуды Президент Үкімет пен әкімдіктерге міндеттеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл — Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Жасанды интеллектіні меңгерген, кітап оқитын, терең ойлайтын әрі алған білімін іс жүзінде қолдана білетін ұрпақ тәрбиелеу — білім жүйесінің жаңа бағдары. Президент педагогтер алдына нақты міндет қойды: жаңашылдыққа ұмтылғанмен, тәрбие мен адамдық құндылықтарды назардан шығармау қажет. Өйткені жауапты әрі сапалы ұлттың негізі дәл осы мектеп қабырғасында қаланады.

«Ұстаз — ұлттың шамшырағы. Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық» деген Президент бірқатар педагогке арнайы марапат табыстады. Бұл қатарда кездейсоқ адам жоқ. Бәрі де ұлт болашағын тәрбиелеу жолында қалтқысыз қызмет еткен жандар.

БАЛМИЯ АЛИБАЕВА, АҒЫЛШЫН ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Бұл марапатты Астана қаласында өткен Тамыз конференциясында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алғаныма өте қуаныштымын. Бұл марапат тек менің емес, бүкіл Маңғыстау елінің марапаты деп есептеймін.

Адал еңбек қашанда бағаланатынын осында отырған әр ұстаз анық сезінді. Мемлекет басшысының «Жаңа оқу жылы жемісті болсын!» деген тілегі мұғалімдерді қанаттандырғаны сөзсіз. Жауапты ведомство мен педагогтер үшін атқарылар жұмыс енді айқын.

← Барлық жаңалықтар