Астанада белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына және ақынның бастамасымен Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шара өтті. «Полигон үнсіз қалғанда: тарихты өзгерткен сөз» атты көрменің салтанатты ашылуына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, дипломатиялық корпус өкілдері мен жастар жиналды. 1989 жылы құрылған «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы халықтық дипломатияның тиімді құралына айналды, деді жиналғандар. Оның көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің қызметі қоғамдық сананы оятып, мемлекеттік шешімдердің қабылдануына ықпал еткені де атап өтілді. Көрмеге 150-ге жуық жәдігер қойылған екен. Әрқайсысының артында бүтін бір халықтың үлкен қасіреті жатыр, дейді ұйымдастырушылар. Оларды жинау да оңай болмапты.
ЛЯЙЛА ОМАРОВА, «ҚР ПРЕЗИДЕНТТІК ОРТАЛЫҒЫ» РММ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:
Қойылған экспонаттар 20 жыл көлемінде жинақталған. Жүйелі жинақтау жұмыстарының нәтижесінде Семей өңіріндегі Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталықтан алынған құжаттар, маңызды деректер мен ақпарат осы көрме аясында ұсынылып отыр. Олардың бәрі ҚР Президенттік орталығының музей архивтерінде болды.
Қазір «Невада – Семей» қозғалысының филиалдары жер-жерде жұмыс істейді. Семей полигоны әлдеқашан жабылса да, оның мүшелері атқарылар шаруалар әлі шаш етектен, дейді.
НҰРЛАН АҚМУРЗИН, «НЕВАДА – СЕМЕЙ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазіргі мақсатымыз – полигонның зардабы әлі күнге дейін бар. Соны химиялық, физикалық тұрғыдан зерттеп, сол жерде тұрып жатқан халқымызға ешқандай зияны болмасын деген оймен осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қозғалысқа жастар қосылса деп ойлаймыз. Жастарды қосу, тәрбиелеу, біз бастаған істерді солар жалғастырса деп ойлаймыз.